3 ақпан күні Қазақстан аумағына Корея, БАӘ, Мысыр, Түркия, Беларусь және Өзбекстан елдерінен 9 халықаралық әуе рейсі ұшып келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім еткендей, өткен тәулікте жалпы 1 143 жолаушы ұшып келген. Оның 896-сында коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған. Қалған 247-сі ПТР-анықтамасыз келген, олардың барлығы – ҚР азаматтары.
Атап айтқанда:
- Алматы қаласының әуежайына – 4 рейс, 622 жолаушы, анықтамамен - 586, анықтамасыз - 36;
- Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 4 рейс, 517 жолаушы, анықтамамен - 306; анықтамасыз - 211;
- Шымкент қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 4 жолаушы анықтамамен келген.
«Анықтамасы болмаған Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ мәлім етілгендей, 2 ақпан күні ПТР-анықтамасыз ұшып келген Қазақстанның 191 азаматының тест нәтижесі дайын болды – ешбір жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталмады.