14 наурыз – Көрісу күніне орай «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Келкөрісейік» қайырымдылық жобасын өткізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Іс-шара санитарлық нормалардың толық сақталуымен «Qazaqstan» орталық концерт залында 14 наурыз күні сағат 11:00-де басталады. «#Келкөрісейік» қайырымдылық жобасының әлеуметтік маңызы зор. Жоба әлеуметтік тұрғыдан осал жандар мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясындағы іс-шаралар кешенін тамашалауға әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 100 бүлдіршін шақырылған.
Бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдыру мақсатында бүлдіршіндерге ұлттық тағамдардан тұратын тәтті сыйлықтар жинағы (жент, құрт, ірімшік) табысталады. Сондай-ақ мерекелік концерт өтіп, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Халық қазынасы» бөлімінің әртістері, танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Мұнан бөлек, «Наурызбектің оқиғасы» интерактивтік ертегісі көрсетіледі. Ертегінің сюжетінде қазақ ертегілерінің, танымал мультфильмдер мен комикстердің кейіпкерлері тоғысып, қызықты оқиғаларға тап болады. Заманауи форматтағы қойылым жас бүлдіршіндердің ұлттық құндылықтар мен фольклорлық мұраға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қойылымды «Астана мюзикл» театры ұсынады.
Іс-шараға келген балалар мен қонақтар үшін «Qazaqstan» орталық концерт залының фойесінде жабдықталған киіз үйлерде наурыз көже ұсынылады. Сонымен қатар келушілер «Қазақфильм» АҚ ұсынған «Мұзбалақ» және «Күлтегін» мультфильмдерін тамашалай алады.