Әскери полиция қызметкерлері Қорғаныс министрлігі ғимаратының үстінде заңсыз ұшып жүрген квадрокоптерді анықтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
«Соңғы уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі нысандарының үстінен пилотсыз ұшатын аппараттардың ұшу жағдайлары көбейіп кетті. Олардың бәрі де уақтылы анықталып жатыр. Осы жылдың 31 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында Әскери полиция отрядының әскери қызмекшілері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі нысанының үстінен пилотсыз ұшатын аппараттың - квадрокоптердің ұшып жүргенін анықтады», - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жедел әрекет тобы осыған қатысты екі азаматты ұстап, қалалық Полиция департаментіне тапсырған.
«Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі әскери нысандардың үстінен БПЛА-ның (квадрокоптер) ұшуы - Қазақстан Республикасының «ҚР әуе кеңістігін қолдану және авиация қызметі туралы» заңының 31 және 33 баптарына қайшы келетінін ескертеді. Аталған нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ол үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айтты.
«Режимдік нысандар, яғни министрлік, әскери білімдер аумағында осындай рұқсат етілмеген іс-қимылдарға тыйым салынған. Сәйкесінше, оларға тосқауыл қойылады және ондай аппараттардың ұшуына жол берілмейді. Ал осындай қадамға барғандарға қатысты қазіргі кезде тиісті органдар тексеру амалдарын жүргізіп жатыр», - деді Т. Мұхтаров Парламент Мәжілісінде тілшілердің сауалына жауап бере отырып.
Квадрокоптерді қолдану тәртібі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайтында жарияланған.