ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қар көшкінінен зардап шеккен әскери қызметшілердің хал-жағдайын Тараздағы әскери госпитальға өзі барып білді.
Бүгінгі күні әскери госпитальде сарбаздарға қажетті барлық мамандандырылған медициналық көмек көрсетілген, әскери қызметшілердің жағдайы тұрақты, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, әскери ведомствоның басшысы қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті. Қорғаныс министрі мерт болған азаматтардың отбасылары мен туған-туысқандарына көңіл айта отырып, олардың әрқайсысының өздерінің әскери борышын абыроймен атқарып, әскери қызметтің хас шебері болғанын атап өтті.
Қазіргі кезде Үкіметтік комиссия Жамбыл облысында орын алған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап, анық-қанығына жету үшін тергеуді жалғастыруда.