Қазақстандық армия жүйелі түрде жетілдірілуде. Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» полигонында Армиялық халықаралық ойындарының «АрХО – 2021» ашылу салтанатында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Биыл жетінші рет өткізіліп отырған Армиялық халықаралық ойындар жыл өткен сайын танымалдылығы мен маңызы артып, қатысуға ниет білдірушілер де көбеюде. Оның бірден бір дәлелі - Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» полигонында өтетін Армиялық халықаралық ойындар «АрХО – 2021» конкурстары салтанатты түрде ашылды.
Аталған конкурсқа қатысуға арнайы келген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Армиялық халықаралық ойындарды өткізу ауқымы ірі әлемдік біріншілікпен бір деңгейде екенін атап өтті.
«Кез келген әскери маман білетіндей, Армиялық ойындардағы сайыстар – бұл нысананы зақымдауда дәлдік пен мергендікті, әртүрлі қаруды меңгеруде шеберлікті, мінсіз дене дайындығы мен төзімділікті, әскери техниканы басқарудағы сенімді дағдыларды көрсету. Армия ойындары әскери қызметшілерді бейтаныс жерде, психоэмоционалдық шиеленіс жағдайында әрекет етуге мәжбүрлеумен де қызықты, – деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Ал ҚР ҚК Бас штабы Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы генерал-майор Дәулет Оспановтың айтуынша, Армиялық халықаралық ойындар – бұл әскерлердің жауынгерлік даярлық нысаны. Ол тек күрделендірілген жағдайда сайысу форматында, адамның көңіл-күйі жоғары психологиялық-эмоциялық қобалжыған жағдайда өткізіледі.
«Жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар шеңберінде жыл бойы өткізілетін ойындарға даярлық барысында әскери қызметшілер іс-қимылдың жаңа амал-тәсілін, айла-амалын меңгереді. Оны автоматты түрде орындауға дайын болады.Мысалы, танк биатлонында танкистер қалай әрекет ететінін қараңыз. Олар бірнеше секунд ішінде танкіге отыруды орындайды, оқ-дәрілерді қалай тез әрі шебер жүктейді. Механик-жүргізуші жауынгерлік машинаны қалай шебер басқарады және зеңбірекші-оператор мен танк командирі нысанаға қалай дәл тигізеді», - деді Дәулет Оспанов.
Айта кетейік, Армиялық халықаралық ойындар биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт ішінде сайысқа қатысушы елдердің саны жыл сайын артып отыр. Ал конкурстың барлық кезеңі қазіргі заманғы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған. Министрдің айтуынша, жауынгерлік машықты арттыру әрбір әскери маманның міндеті болып табылады. Сонымен қатар, министр әскери қызметшілер оқу-жаттығу полигондарында нақты және үйлесімді әрекет етсе, онда олардың кемінде 80%-і жауынгерлік жағдайда да дәл осылай әрекет ететінін өз ісін жете меңгерген кәсіби әскерилер жақсы білетінін де атап өтті.
Биыл Жамбыл облысындағы 40-ыншы әскери базаның аумағында армиялық ойындардың 2 конкурсы – минаатқыштар есептоптары арасындағы «Артиллериядан оқ ату шебері» және ҰҰА мамандарының «Сұңқар аңшылығы» сайыстары өтеді. Ойындарға қатысу үшін «Мәтібұлақ» полигонына 8 елден артиллеристер және 4 мемлекет армиясынан ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптары келді. Конкурстарға 3 елден келген өкілдер бақылаушы ретінде қатысады.
Осы орайда, әскери мамандардың қуанышын бөліскен министр әскери қызметшілердің ұрыс даласында емес, спорт сайыстарында күш сынасуы прогрессивті жол екенін ескертті.
«Қазақстандық армия елдің егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға қабілетті деп нық сеніммен айта аламын. Агрессордың әлеуеті өте қуатты, заманауи әскері болғанның өзінде, түрлі тұрақты емес әскерилендірілген құрамаларды айтпағанда, кем дегенде айқын, ауыр асимметриялық соққы беруге қабілеттіміз. Даярлықты жоғары деңгейде ұстау үшін ұдайы жаттығамыз. Әрі қазақстандық армия жүйелі түрде жетілдірілуде, – деді генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.
Сонымен қатар, Қорғаныс ведомствосындағы кезекті аппараттық кеңесте жауынгерлік даярлық, әскери білім беру және заң шығару қызметіне қатысты мәселелер қаралған болатын. Кеңесте әскерлердің жауынгерлік оқу-жаттығу барысы талқыланды. Жоспарға сәйкес взводтарды даярлау және батальондармен бақылау тактикалық-саптық сабақтар өткізілуде. Алдағы аптада жеке құрамды бірыңғай оқытып-үйрету және бағалау әдістемесін әзірлеу үшін взводтардың жауынгерлік оқ атуын ұйымдастыру бойынша нұсқау беру-әдістемелік сабақтар жаппай өткізіледі. Армиялық халықаралық ойындарға қазақстандық командаларды даярлау аяқталғаны туралы баяндалды. Сайыстар нәтижесінде «АрХО – 2021» ойындарының 11 конкурсында Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын үздік әскери қызметшілер іріктеліп алынды. Бүгін олармен қажетті санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Командалар әскери-көлік авиациясының ұшағымен ойындар өткізілетін орындарға жеткізілетін болады. Жалпы, алда болатын Ойындарда әскери қызметшілеріміз 34 конкурстың 11-іне қатысады. Ал, 2 конкурс, атап айтқанда «Артиллериядан оқ ату шебері» және «Сұңқар аңшылығы» Қазақстан аумағында өтеді. Сонымен, 22 тамыз – 4 қыркүйек кезеңінде өтсе, ел аумағында өтіп жатқан Армиялық халықаралық ойындар ағымдағы жылғы 2 қыркүйекке дейін жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, Биыл жетінші рет өткізіліп отырған Армиялық халықаралық ойындар жыл өткен сайын танымалдылығы мен маңызы артып, қатысуға ниет білдірушілер де көбеюде. Оның бірден бір дәлелі - Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» полигонында өтетін Армиялық халықаралық ойындар «АрХО – 2021» конкурстары салтанатты түрде ашылды. Аталған конкурсқа қатысуға арнайы келген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Армиялық халықаралық ойындарды өткізу ауқымы ірі әлемдік біріншілікпен бір деңгейде екенін атап өтті.
