Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ку Хонг-сок COVID-19 індетімен күресте вакциналаудың маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде коронавирус індетімен Оңтүстік Корея немесе Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдері болып күресіп жатыр. Оның ішінде Оңтүстік Корея вируспен күресуді жедел қолға алған алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Қазір біздің елде вакцинация қарқынды жүріп жатыр, халқымыз 50 млн адамды құрайды. Бүгінде еліміз індеттің таралуын болдырмау, тоқтату мақсатында 150 млн доза вакцина әзірледі, бұл дегеніміз халық санынан 3 есеге артық», - деді Ку Хонг-сок.
Одан әрі, елші індетпен күресте вакцина алудың маңызды екенін алға тартты.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырза үнемі өз сөздерінде COVID-19-ды жеңу және оның алдын алуда вакцина алудың ерекше рөлін атап өтеді. Мен де вакцинаны қолдап, ол кісілердің сөзімен толықтай келісемін. Мен отбасыммен және елшілік қызметкерлері Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып алдық. Біз сол үшін алғыс білдіреміз. Осы орайда Қазақстан халқының басым бөлігі екпе алып, қалыпты өмірге сәтті оралуымызды тілеймін», - деді ол.