25 мау, 2020 сағат 09:45

Кореялық зертхана реагенттердің Қазақстанға неліктен жеткізілмей жатқанын түсіндірді

Коронавирус тестілеуіне қажетті реагенттердің Оңтүстік Кореядан жеткізілуіне тағы 2 апта керек. Бұл туралы Medical Partners Korea Qazaqstan компаниясының басшысы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«MPK Qazaqstan» ЖШС Оңтүстік Кореядан сапасы жоғары реагент жеткізумен айналысады. 

«Компания бір ай бұрын тапсырыс беріп қойғанмен, жүкті алуға, сақтандыруға 2 апта уақыт кеткен. Оны жеткізуге тағы 2 апта уақыт кетеді. 

Қазір Корея мен Қазақстан арасында аптасына 1-ақ рейс ұшады. «Air Astana» әуе компаниясы шұғыл медициналық жүкті жолаушылар жүгінің көптігіне байланысты түсіріп тастаған. Катар арқылы тікелей рейстер табылды. Бірақ, Доха әуежайындағы қызметкерлерінің 30%-ынан коронавирус табылған соң олар қазір жұмысқа шықпайды. Тапсырыс аптаның соңында жетсе, біз айдың соңынан бастап тестілеуді жаңарта аламыз», - деді Medical Partners Korea бас директоры Мин Хисук.

Ал «Air Astana» әуе компаниясы жүкті қалдырып кетуге байланысты түсінік берді.

«Жолаушылар рейсі Airbus A321neo авиалайнерімен ұшты. Бортта 142 жолаушы, 3732 келі жүк болды. Medical Partners Korea жүк тасымалы компаниясы медициналық жүк барын алдын ала ескерткен жоқ.

«Air Astana» жүктің медциналық маңызы барын білмегендіктен стандартты іс-шаралар жүргізген. Бұл ахуалдың күрделілігін ескере отырып, әуе компаниясы жақын арадағы рейсте Оңтүстік Кореядан жүкті жеткізіп беруге уәде етеді», - деді «Air Astana» өкілі коммуникациялар департаментінен. 

Айта кету керек, Алматыда коронавирусқа тестілеуге қатысты қиындықтар өткен аптада басталған болатын.

Кейбір зертханаларда құрал-жабдықтар істен шықса, кейбірінде тестіге қажетті реагенттер тапшылығы туған.