09 ақп, 2022 сағат 13:35

Конспирология: «Әлем халқы 500 миллионнан аспауы керек»


Әлеуметтік желілерде кейбір әлем иелері халық санын қысқартып жатқандығы туралы видео таратылуда. Белгісіз авторлар дәлел ретінде Джорджия тақтасындағы жазбаларға сүйенеді, деп хабарлайды Stopfake.kz сайты.

Видео авторының айтуынша, әлем элитасы Жер бетіндегі халықты бақылау жоспары туралы 1980 жылы мәлімдеген. Мұны табиғатпен тепе-теңдікте болу үшін планета халқын 500 000 000 аспайтын деңгейде ұстау қажеттілігі туралы жазылған Джорджия тақтасынан алынған дәйексөз дәлелдейді екен. Бұл манипуляция.

Джорджия тақтасы – бұл «америкалық Стоунхендж» ретінде белгілі ескерткіш. Ол Джорджия штатында Эльбертонда орнатылған. Биіктігі 6 метрден асатын гранит плиталарды табиғи тасты өңдейтін Elberton Granite Finishing Corporation фирмасы шын есімін айтпай, бүркеншік атын ғана көрсеткен клиенттің тапсырысымен жасаған. Ол болашақ ұрпаққа хабарлама қалдырмақ болған «шетелде тұратын америкалықтардың шағын тобының» атынан әрекет етіп жатқанын айтқан. Монумент жалпы салмағы 119 тонна болатын орталық плитаны қоршап тұрған тегіс емес жиектері бар төрт алып тастан тұрады.


Плиталардағы мәтін сегіз тілде — ағылшын, орыс, қытай, араб, иврит, суахили, хинди және испан тілдерінде жазылған. Монументке тапсырыс берген белгісіз тұлғаны ешкім көрмеген. Постапокалиптикалық хабарламасы бар тас құрылымының өзі жергілікті көрікті орынға айналып, оған қатысты көптеген түрлі теориялар тарады. Біреулер бұл сөздер рационалды ойлануға итермелейді деп ойласа, басқалары монументке сектанттар тапсырыс берген дейді. Қастандық теориясын жақтаушылардың айтуынша, ескерткіш авторы – «әлем иелері». Бірақ бұл пікір расталмады, сондықтан жорамал болып қалды.

Айта кетейік, 1650 жылы Дүние жүзі халқының саны 500 000 000 адамға жетті. Ал 1980 жылдары Джорджия тақтасы орнатылған кезде планетада 4,4 миллиардтан астам адам болған. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 8 миллиардқа жуықтады.

Демек, Джорджия тақтасындағы жазбалар Жер халқының санын бақылау және азайту жөніндегі белгілі бір жоспардың бар екенін дәлелдемейді.