14 қаң, 2019 сағат 14:49

Композитор Нұрлан Бекенов Фариза Оңғарсыноваға арнап күй шығарды

Қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсыноваға арналған «Толғам» атты күй дүниеге келді. Күйдің авторы - композитор, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана Мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің дирижері, күйші Нұрлан Бекенов аталған күйдің қалай туғанын айтып берді.

«Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше екені белгілі. Бүкіл түркі әлемінің рухани байлығына қосқан үлесі де өте мол. Ол терең лирикалық өлеңдер жазған ақын. Сонымен қатар адамға қайрат беретін дауылпаз жырлардың да авторы. Әдебиетімізге үлкен жаңалық алып келген қаламгер ғой. Өзім біраз уақыт бойы Фариза ақынның жан-дүниесін ашатын, халқына айта алмай кеткен ойларын жеткізуге тырысатын бір күй шығарсам деген толғаныста жүрдім. Өнердегі ұстазым, Астана Мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов ағамыз және басқа да азаматтар Фаризаға арналған күй шығатын болса, ол ұлттық өнерімізге қосқан нақты үлесіміз болатынын айтты. Маған осы тұрғыда ойланып, жаңа шығарма жазу туралы кеңес берді. Міне, жуырда ғана жаңа күй дүниеге келді», - деді Қазақпарат тілшісіне берген сұхбатында композитор Нұрлан Бекенов.

Бұл Ф. Оңғарсынқызына арналған тұңғыш күй екенін айта кеткен жөн. 23 қаңтар күні «Астана» концерт залында елордамыздың Мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің ұжымы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған арнайы әдеби-музыкалық кеш өткізгелі отыр. Сол кеште ақынға арналған жаңа әндер және аталған күй орындалады деп күтілуде.