23 қаз, 2020 сағат 14:55

Коммунистер сайлауға қатысады: ҚКХП-ның арнайы мәлімдемесі

23 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының отырысы өтті. Отырыс барысында 2021 жылғы 10 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысу туралы шешім қабылданды. Кезектен тыс Съезд шақырылып, партияның арнайы мәлімдемесі жасалды, деп хабарлайды аталған партияның баспасөз қызметі. 

"Ұлт ақпарат" оқырман назарына мәлімдеме мәтінін ұсынады.

***

2021 жылғы 10 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті сайлауына қатысу туралы Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Мәлімдемесі

Бүгін өткен Саяси Бюроның қорытындысы бойынша Қазақстан Коммунистік Халық партиясы алдағы мәслихаттар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің кезекті сайлауына қатысатынын мәлімдейді.

2020 жылғы 11 қарашада Қазақстан Коммунистік Халық партиясы түпкілікті шешім қабылдау, партиялық тізім мен сайлауалды тұғырнаманы бекіту үшін жоғары партия органының – Съезд отырысын ұйымдастырады.

Партия мүшелері мен Мәжілістегі біздің фракция бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылауға бастамашы болды.

Сондай-ақ қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және жалпы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдауға қомақты үлес қосты.

Біз ҚКХП мүшелерінің Парламенттегі және мәслихаттардағы өкілдігін ұлғайтуды, онда тиімді заңнамалық жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың жұмыс деңгейін арттыруды көздеп отырмыз.

Ол үшін мемлекеттің көптеген өзекті мәселелерін және азаматтардың сұраныстарын шешу ұсыныстарын қарастыратын сайлау алдындағы бағдарлама әзірленуде.

Біздің басымдықтарымыздың бірі депутаттыққа құзыретті кандидаттарды, оның ішінде әйелдер мен жастарды ұсыну болмақ. Бұл мақсатты аудиторияны және шешілетін мәселелер ауқымын едәуір кеңейтеді.

Қаржы дағдарысы, пандемия, әлемдегі әлеуметтік және саяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан халқы дұрыс таңдау жасайтынына сенімдіміз.