ҚР Білім және ғылым министрлігінің білімді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Қанат Кенбай колледждерге Egov арқылы қалай өтінім беруге болатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Білім және ғылым министрлігі биыл Egov.kz порталы арқылы электронды форматтағы қызметті іске қосты. Порталда «Білім» айдары бар. Оған енсеңіз «Колледждер» бөлімін таңдайсыз. Артынша, «Техникалық және кәсіптік білім үшін құжаттарды қабылдау» атты бөлім шығады. Соған басу арқылы қосымша қандай қызметтерді алуға болатынын да көруге болады. Біз олардың әрін біріктіріп, оңтайландырдық», - деді Қанат Кенбай Білім және ғылым министрлігінің онлайн конференциясында.
Оның айтуынша, бүгінге дейін 140 өтінім қабылданып та қойған.
«Бұл жүйе тіркеліп, авторизациялау жүйесінен өтуге мүмкіндік береді. Осыдан кейін жүйе өтінім беруге мүмкіндік жасайды. Осыдан кейін Egov өтінімді бізге, яғни Білім және ғылым министрлігіне жолдайды. Бұл – өтінімдердің орталықтандырылған қабылдау жүйесі. Қандай өтінімдердің түскенін министрлік көріп отырады», - деді Қанат Кенбай.