Су тасқынымен күреске 10 мыңнан астам құтқарушы дайын. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша ТЖМ Республикалық жедел штабы мен жедел тобының құрамы анықталды. Жеке құрамның жалпы саны 10 мың адамнан астам және 1880 бірліктен астам техникасы бар азаматтық қорғау күштері мен құралдарының топтамасы құрылды. Оның ішінде 22 тікұшақ, 308 жүзу құралы мен шамамен бір мың мотопомпа бар. Күштерді жедел ауыстыру және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау жағдайында «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары әзірлікте болады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, ТЖМ Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде зардап шеккен тұрғындар үшін 1000 адамға арналған 3 шатырлы лагерь әзірленген.
«Халықты құлақтандыру, оның ішінде телерадио жиіліктеріне қосылу, СМС-хабарламалар жіберу, интернет-ресурстарды пайдалану және дауыс ұлғайтқыш құрылғылары бар патрульдік полиция автомашиналарын тарту мәселелері пысықталды. Су ресурстары жөніндегі комитетпен және Қазгидрометпен дер уақытында басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жедел ақпарат алмасу бойынша іс-қимылдың бірлескен жоспары әзірленді», - деді Ибрагим Күлшімбаев.