29 қаз, 2020 сағат 17:23

Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес - Аида Балаева

Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес. Бұл туралы Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сөз жоқ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды өз құзыреті шегінде алда да жалғастыратын болады. Дегенмен, бұл жұмыс үнемі жетілдіруді талап етеді. Осы орайда, Ұлттық комиссияның қарауына ұсынатын бірқатар проблемалық мәселелер бар«, - деді министр.

Осы ретте Аида Балаева аталған проблемалық мәселелерге қысқаша тоқталып өтті. 

»Қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес. Қазіргі жағдай көрсетіп отыр, егер әлемнің үздік жетістіктерінен үмітіміз болса, біз ең алдымен санамыздағы пайдасыз қағидалар мен қажетсіз әдеттерден, тіл мен ділдің қадірсіздігінен, талғамсыз салт пен дарақы дәстүрлерден дер кезінде арылуымыз шарт. Ол үшін жоғарыда баяндалған жаңа жоспарды басшылыққа ала отырып, елдің тұтастай «рухани жағдайына» ауқымды зерттеу жасап, қандай өңірлерде қандай мәселелер барын анықтап, сол аймақтарда адресті түрде жұмыс жасау қажет. Бұл жұмыстың нәтижесі туралы өңір басшылығының әр жарты жыл сайын Үкімет деңгейінде есеп беруін енгізу керек», - деді ол.