ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин Наурыз мейрамындағы уланудың алдын алу жөнінде бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, ұзаққа созылған мейрамнан кейін жіті ішек инфекциялары, тамақтан улану жағдайлары көбейеді.
"Наурыз мейрамы - көктемгі жаңару символы, махаббат, достық мерекесі. Наурызды тойлағанда концерт қана болмайды, әртүрлі тағамдар молынан әзірленеді - наурыз көже, бауырсақ, ет, қазы, шұжық, қуырдақ, жент сынды тез бұзылатын өнімдер бар. Әсіресе, жұмыртқа мен қаймақ қосылған салаттарды, кремі бар кондитерлік өнімдерді, тартылған ет қосылған бәліш-рулеттерді ұзақ сақтауға болмайды", - деді Жандарбек Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жаппай қыдыратын орындарда да тағам қауіпсіздігіне мін берген жөн.
"Жаппай қыдыратын орындарда жеке адамдар сататын тамақ өнімін, әдетте наурыз көже мен қымызды сатып алмауға тырысыңыз. Дайын өнімнің, ет, тауық еті қосылып пісірілетін тағамның, кәуап, хот-дог, сэндвичтің сақталуына назар аударыңыз, олар тиісті температурада сақталуы, сауда орнында міндетті түрде болуы тиіс тоңазытқыштарда сақталуы керек. Барлық өнім оралған болуы тиіс, қаптамаларында тағамның шығарылған күні, өндірістік кәсіпорын атауы көрсетіледі", - деді ол.
Сонымен бірге, Бас санитарға "Сауда және ойын-сауық орталықтарында, алаңдарда таратылатын Наурыз көже қаншалықты қауіпсіз?" деген сұрақ қойылды.
"Әкімдік ұйымдастырған жиындарда берілетін наурыз көже қауіпсіз. Себебі оны арнайы дәмханалар мен мейрамханаларда дайындайды. Онда жалпыға тарататын наурыз көже жергілікті ұйымдардың жіті қадағалауынан өткен. Ал бір қуыста, шетте белгісіз адамдар сататын наурыз көжелерден сақтану керек", - деп жауап берді Ж. Бекшин.
Оның айуынша, былтыр еліміздегі қоғамдық орындарда тамақтан уланудың 15 жағдайы тіркелген. Үйде дайындалған тағамнан 6 адам уланған.
«Мереке күндері табыс табуды көздейтін «кездейсоқ» кәсіпкерлер болады. Еш құжатсыз, белгісіз жағдайда, белгісіз адамдар әзірлеген тағамдар өте қауіпті. Бұл туралы департаменттерге хабар беру қажет. Одан бөлек, кремді-кондитерлік өнімдердің жылы жерде сақталғанын көрсеңіз, сатып алмаңыз. Арзан бағада тамақ өнімдері сатылса да, өнімнің сақталу мерзімін мұқият зерделеңіз, себебі жарамдылық мерзімінің бітуіне 2-3 күн қалуы мүмкін», - деді Жандарбек Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігер кез келген тұтынушының сатушыдан тиісті құжаттарды талап етуге құқылы екенін еске салды.
«Сатушының жеке медициналық кітапшасын, өнімнің құжаттарын сұратуға, өзіңізге қандай кәсіпорынның қызмет көрсететін нақтылауға толық құқылысыз. Егер наразылығыңыз болса, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне немесе ПД мамандарына жүгініңіз», - деп кеңес берді Жандарбек Бекшин.