ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов орталық коммуникациялар қызметінде қоғамдық кеңестердің бүгінгі жай-күйі туралы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
«Өздеріңіз білесіздер, қоғамдық кеңес институты 5 институционалдық реформа шеңберінде 2015 жылы енгізілген болатын. Осы уақыт тәжірибесі көрсеткендей, олар қоғам мен биліктің арасын жалғаушы ретінде өзінің тиімділігін, жалпы қоғам өміріне қажеттілігін ақтай білді. Мысалы, осы 5 жылда қоғамдық кеңес тарапынан 20 мыңнан астам нормативтік құжат өткен болса, соның әрбір оныншысы немесе 2 мыңнан астам құжат кеңестен өтпей, жетілдіру үшін кейін қайтарылған. Яғни, азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін бұл сапасыз құжаттардің кемшілігі дер кезінде анықталған деп айтуға болады», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол қазір мемлекеттік орган басшылары қоғамдық кеңестер алдында есеп бере бастағанын еске салды.
«Тағы бір мысал, жыл сайын 1,5 мың мемлекеттік лауазым иесі қоғамдық кеңес алдында есеп береді. Бұл дегеніңіз – қосымша туындаған мәселелер мен шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі. Осы 5 жылда мемлекеттік қызметтің сапасына қоғамдық мониторинг аясында мыңнан астам зерттеу жасалып, баршаға ортақ өте өзекті сұрақтарды ашық талқылау нәтижесінде ұзын саны 2 мыңнан астам мәселе көтерілді. Міне, осының бәрі - көпшіліктің ортақ мәселесіне көз жұмбай, қашан да мінберден ұсынысын жеткізе білетін біздің белсенді азаматтарымыздың ақысыз негізде атқарған үлкен еңбегінің жемісі, жалпы азаматтық қоғамның жеңісі. Сондықтан да, Президенттің бастамасымен «Қоғамдық кеңес туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осы жылдың басынан бастап қолданысқа енді», - деді ведомство өкілі.
