06 ақп, 2026 сағат 16:27

«Қоғам көрсе, қорғайды»: Нұрай Серікбайдың ағасы сотты ашық, онлайн өткізуді талап етті

Фото: Ашық дереккөзден
Нұрай Серікбайдың ағасы сот әділ өтетініне күмәнмен қарап, соттың ашық түрде онлайн өтуін талап етіп отыр. Оның мақсаты - қоғамның қолдауына ие болу, деп хабарлайды Ult.kz

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбаймен бірге видео түсіріп, бейнематериалын Ult.kz тілшісіне жариялауға берді. Онда олар резонансты қылмыстық іске қатысты сот отырысы әділ өтетініне күмәнданатындарын жеткізген.

"Мен, Серікбай Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай соттың әділ, әрі онлайн өтуіне өтініш қалдырдық. Соны біз талап етеміз. Әрбір қазақстандық азамат сот процессін онлайн түрде көрсе, бізді қорғау үшін барын салады деп ойлаймын", - деп мәлімдеді жәбірленуші. 


Мұрат Әбенов өз сөзінде құқық қорғау органдарының әрекетіне ашық наразылығын білдірді. Ол жалған видеолардың таралуы тергеуге кері әсер етіп жатқанын айтып, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға бірқатар сауал қойды.

"Бұл кісілердің ең қатты уайымдап тұрғаны - сенбей тұр. Мен де әділ тергеу өтетініне сенбей тұрмын. Қанша күн болды Президент, Ішкі Істер министрі тапсырғаннан кейін полиция қызметкерлері Нұрай туралы қолдан жасалған видеоны таратып, насихаттап жатыр. Сонда министрдің, Бас прокуратураның қолынан келмегені ме?! Неге Президент тапсырғаннан кейін қыз туралы қолдан жасалған видеолар бұқаралық ақпарат құралдарына тарап кетеді? Полицияға мен де хабарластым. Осы уақытқа дейін ол видеоны, жалған ақпаратты таратуға байланысты ешкім ешқандай әрекет қолданып жатқан жоқ. Ішкі Істер министрлігі, сонда бар мақсаттарыңыз өз қызметкерлеріңізді қорғау ма? Неге осы уақытқа дейін Бас прокуратура арнайы тергеу тобын жасақтап, тәркілемейді бұны?! Тергеу материалдарын заңсыз таратып жатыр және бұл тергеуге теріс әсер ету", - деді Мұрат Әбенов.


Жәбірленуші тарап Президент әкімшілігіне және Бас прокуратураға арыз-шағым түсіргенін жеткізіп отыр. 


Еске салайық, биыл 11 қаңтар күні кешкі уақытта Нұрай Серікбай үйінен ұн алу үшін сыртқа шыққан сәтте үйін торуылдап жүрген күдікті оған шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Қазір күдікті қамауға алынып, іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Күдікті ретінде Нұрай Серікбайдың танысы Аймахан Шерхан танылып отыр.

Марқұмның жақындары бұл қылмыстың алдын алуға болар еді деп есептейді. Олар Аймахан Шерханды адам ұрлау, жүйелі қудалау (сталкинг), қорқыту және адам өлтіру баптары бойынша ең қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр. Сондай-ақ жәбірленушінің арыздарына тиісті деңгейде әрекет етпеген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де жауапкершілігі қаралуы тиіс екенін айтады.


Оқи отырыңыз: Нұрай Серікбайдың қазасы: күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін