23 қаң, 2026 сағат 17:46

"Мәселе бір ғана адамда немесе бір ғана жағдайда емес" — Қоғамдық палата отырысында жеңілдетілген авиабилеттер мәселесі көтерілді

Фото: Air Astana
23 қаңтарда Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата отырысында авиация саласындағы мәселелер талқыланды. Онда «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Қоғамдық палатаның төраға орынбасары Ғалым Байтоқ әуе билеттерінің қымбатшылығы мен рейстердің тапшылығы бола тұра авиакомпания қызметкерлері мен олардың жақындарына 80–90% жеңілдік берілетін жабық жүйе бар екенін сынға алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл артықшылықтар мемлекет есебінен емес, толық баға төлейтін қарапайым жолаушылардың қалтасынан өтеліп отыр және саланың әділдігіне деген сенімді әлсіретеді деп есептейді Байтоқ. Ол мұндай жағдайлар тоқтатылып, баршаға ортақ ашық әрі нақты ережелер енгізілуі қажет екенін алға тартады.


Фото: qaz-media.kz / Ғалым Байтоқ
"Айтпай кетуге болмайды, қымбат әуе билеттері, рейстер тапшылығы және жолаушыларға «нарықтық экономика» туралы үздіксіз айтылатын әңгімелер аясында авиация саласында әлі күнге дейін авиакомпания қызметкерлері мен олардың жақын айналасындағы адамдардың 80–90 пайызға дейінгі орасан жеңілдікпен ұшуы әлі бар.
Жоғары менеджменттің туыстары жеңілдетілген билеттерді пайдаланғанына қатысты жария жанжалдардан кейін мәселе бір ғана адамда немесе бір ғана жағдайда емес екені айқын болды. Бұл — жүйелі проблема. «Өз адамдарына арналған арзан билеттер» мемлекет тарапынан субсидияланбайды, әрі жоқ жерден пайда болмайды — олар толық баға төлейтін қарапайым жолаушылардың есебінен өтеледі. Көп жағдайда бұл жолаушыларда билет қайтару құқығы да жоқ, қызмет көрсету деңгейі төмен, балама таңдау да қарастырылмаған.
Нәтижесінде азаматтарға нарық пен шығындар туралы түсіндіріліп жатқанымен, жүйенің ішінде жабық артықшылықтар клубы жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Бұл саланың өзіне деген сенімді әлсіретеді және қатаң ашықтық пен нақты ережелерді талап етеді — не барлығына бірдей, не ешкімге де жоқ", - деді Ғ. Байтоқ өз баяндамасында.



Жеңілдетілген билеттер дауы және сот шешімі

Осы орайда еске салсақ, 2024 жылдың соңында Air Astana жүргізген ішкі аудит ірі көлемдегі қаржылық жетіспеушілікті анықтап, іс құқық қорғау органдарына берілді. 2025 жылы күдіктілер қамауға алынып, сот барысында қорғау тарапы жеңілдетілген билеттер жүйесі бар екенін алға тартқанымен, тергеу мен сот бұл уәждерді негізсіз деп танып, 2026 жылғы 15 қаңтарда айыпталушылар Дәуір Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулханов 1,1 млрд теңге жымқырды деп 8,5–9 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

"Бұл үкім құқық бұзушылықтар анықталған және құқық қорғау органдарына жүгінуге негіз болған Air Astana ішкі тексеруінің қорытындыларын растайды.
Сот талқылауы шеңберінде істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралды. Сот анықталған әрекеттер құқыққа қарсы сипатта болған қорытындыға келді. Бұған дейін ғаламторда жария болған Ренат Абулханов ісінің мән-жайға сәйкес келмейтін түсініктемелері расталған жоқ", - делінген Air Astana баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостерге қатысты да жеңілдетілген авиабилеттер төңірегінде дау туындаған. Ол күйеуінің лауазымын пайдаланып, туыстарына жеңілдікпен әуе билеттерін сатып алғаны туралы ақпарат тарады.

Ол 15 қаңтардағы  сот шешімінен кейін өзінің Instagram парақшасында өз отбасына қатысты айыптаулар «тарап кеткен жалған ақпарат» деп атап, сот шешімін күткенін мәлімдеді.


Фото: instagram.com/@Татьяна Фостер
"Мұндай жағдайларда компанияға, оның қызметкерлеріне және үшінші тұлғаларға !жалған! айыптаулар тағу арқылы мүдделі тарап өз позициясын барлық мүмкін жолмен қорғауға тырысады. Алайда сот процесі мен ішкі және тәуелсіз аудит нәтижелері мүлдем басқа жағдайды көрсетті. Міне, дәл осы ішкі аудит компаниядағы маңызды !қаржылық! заң бұзушылықтарды анықтап, олардың сипаты мен көлеміне қатысты ауыр сұрақтар туғызды. Бұл фактілер кейін тәуелсіз аудитор тарапынан расталып, құқықтық баға мен сот қарауына жолданды. Бүгін бұл мәселе түпкілікті шешілді.", - деп жазды Татьяна Фостер.


Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры лауазымынан кетеді.  Қаржы жөніндегі атқарушы директор Ибрахим Жанлыел осы кезеңде Бас атқарушы директор қызметіне тағайындалатын болады. 


Балжан Жеңісқызы