06 ақп, 2026 сағат 17:01

Жазушы Конституциядағы тіл нормасы туралы жазбалары үшін қызметінен қуылғанын айтты


Фото: qazaqadebieti.kz

Алаш зерттеушісі-ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбай Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл шешім Конституциядағы орыс тілін алып тастау туралы жазбалары үшін қабылданған, деп хабарлайды Ult.kz.

Елдос Тоқтарбайдың мәлімдеуінше, кеңес төрағасы қызметінен босату туралы шешімді ҚЖО төрағасы Мереке Құлкенов қабылдаған. Сондай-ақ кеңестегі тағы екі әріптесіне де «орнын босатсын» деген талап қойылған.

«Екі аптадай елден жырақ, сапарда жүргенімде, мені ҚЖО Төрағасы Мереке аға Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен ТІЛ туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме «Орнын босатсын!» деп әмір беріпті», — деді ол.


Ол аталған қызметтің қоғамдық негізде, ақысыз атқарылғанын атап өтті. Айтуынша, бұл лауазымды жеке мансап үшін емес, ұлттық балалар әдебиетінің дамуына үлес қосу мақсатында қабылдаған.

Елдос Тоқтарбай бес айдың ішінде кеңес аясында бірқатар жоба жүзеге асқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ұмыт қалған балалар жазушылары түгенделіп, «Балалар әдебиетінің бағбандары», «Балалар кітапханасы», «Жасөспірімдер кітапханасы» сериялары аясында 9 кітап жарық көрген. Қазіргі таңда тағы 7 кітаптың баспаға дайындалып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Қазақстан бойынша балалар тақырыбына қалам тартатын 117 жазушының басы қосылып, ортақ әдеби база мен оқырман клубы құрылған. Елдос Тоқтарбай алдағы уақытта ата-аналар мен балаларға арналған тәулік бойы тегін қызмет көрсететін салалық әдеби сайтты іске қосуды жоспарлағанын да жеткізді.

Ол өзіне қатысты «Одақ төрағалығына ұмтылып жүр» деген алыпқашпа әңгімелердің тарағанын, алайда оған мән бермей, жұмысты жалғастыра бергенін атап өтті.

«Тілінің мүддесі тапталған жерде тақ үшін жанталасып, өлермендік таныту — сүйегіне Алаш рухы сіңген азаматқа жарасар қылық емес! Қайырлысы!», — деп жазды ол.


Мәлімдеме соңында Елдос Тоқтарбай өңірлердегі балалар жазушылары мен әріптестерінен кешірім сұрады.