Коллаж: Ult.kz
Қазақстан Республикасының Мәжілісі депутаты Марат Башимов Өскеменнің экологиясын айтып дабыл қақты. Ол өзінің депутаттық сауалын Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Биылғы жылдың қаңтар айының соңында «Қазгидромет» РМҚК-нің Шығыс Қазақстан филиалының ресми деректері бойынша, Өскемен қаласында сутек сульфиді мен күкірт диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрацияларын 3,6 есе асып кеткені тіркелді.
Жауапкершілікті халыққа артты
Фото: parlam.kz
"Бұл артық концентрациялардың салдары анық және қосымша дәлелдерді қажет етпейді: мектеп оқушылары жедел түрде қашықтан оқытуға көшірілді, ата-аналар балаларын көшеге шығаруға қорқады, тыныс алу мүшелерінің аурулары көбейіп, созылмалы аурулары бар адамдардың жағдайы нашарлап отыр", - деп дабыл қақты депутат.
Сонымен қатар ол индустриалды қаланың тұрғындары күн сайын қауіпті ауаны дем алуға мәжбүр болып, мемлекет тарапынан адекватты өтемақы мен жүйелі қолдау алмай отырғанын жеткізді. Депутаттың пікірінше бұл адамдардың әділетті ашуын туғызып, жүргізіліп жатқан экологиялық және әлеуметтік саясатқа сенімге нұқсан келтіреді.
"Осындай жағдайда мемлекеттік органдардың позициясы көп сұрақ туғызады. Шекті рұқсат етілген концентрациялар шектен асқан кезде жауапкершілікті халыққа артып, нақты шаралар көбіне «көшеге аз шығу» сияқты ұсынымдармен шектеледі. Мен мұндай жағдайды қабылдауға болмайды деп санаймын!" - деді депутат.
Депутаттың сұрақтары:
Өскемен қаласында ластанатын заттардың шығарындыларын нақты, формальдылық емес, азайту үшін Үкімет қандай жедел шаралар қабылдайды, соның ішінде нақты кәсіпорындардың жауапкершілігі қалай қамтамасыз етіледі?
Экологиялық қауіп аймақтарында тұратын азаматтардың әлеуметтік төлемдері мен жалақыларын есептеу кезінде экологиялық коэффициент енгізу қарастырылып отыр ма?
Дамыған елдердің экологиялық дағдарыс жағдайында халықты қорғау тәжірибесі бізде әлі неге бейімделіп, қолданылмай отыр?
Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етілуі тиіс
Осы үш сұрақты Роман Склярға қойған Марат Башимов азаматтар өз денсаулығы мен балалардың денсаулығы үшін шешім қабылдаудағы әрекетсіздік пен шешімдерді созу салдарынан зардап шекпеуі керек деп есептейді.
"Азаматтардың қолайлы экологиялық ортаны пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдендірілген және ол қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етілуі тиіс", - деді депутат Башимов.
