Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы айларда тіркелген жағдайлар қысқа уақыттың ішінде тұмса табиғаттың көркін қалайша құртуға болатынын айқын көрсетіп берді. Бұл - ерекше бірегей көл. Әлбетте, мобильді бекеттер мен шлагбауммен проблема шешіле салмайды. Себебі шлагбаум бар жерде оны аттап өткісі келетіндер де көп болады», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, проблеманы шешудің екі жолы бар.
«Біріншісі – экологиялық білім және айыппұл мөлшерін көбейту. Екіншісі – көлдің бірегейлігін пайдалана отырып, біз оған ерекше қорғалатын табиға аумақ мәртебесін берсек дейміз. Осылайша оған қатысты шектеу шаралары күшіне енеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Еске сала кетсек бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол жақтан тұздың тиеліп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдірген болатын. Бұған халықтың көлге көптеп келіп, тұзын қазып, маңайын қалдыққа толтырып кетуі себеп болған. Тіпті әлеуметтік желіде Көбейтұздың тұзын келісін бес мың теңгеге сатқандар да пайда болды.
Өкініштісі, көлге барғанымен тәртіп сақтамай, суға көлігімен кіріп кеткендер де кездесті. Кейін Ақмола облысының полицейлері көлігімен көлге кіріп кеткен адамның табылып, жазаланғанын хабарлады.