Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы #маскатақ хэштегімен үгіт-насихат шарасын өткізді. Бұл шара Қызылорда өңірінде бастау алды. Шараның мақсаты – көпшілік жүретін қоғамдық орындарда, көшелерде медициналық маска таратып, халықты, тұрғындарды карантин режимі шараларын сақтауға шақыру. Сондай-ақ, індеттің әрі қарай да таралуына жол бермеу мақсатында үгіт-насихат жүргізілді. Бұл туралы «Ұлт» порталы хабарлайды.
Бұл шара Қызылорда облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен облыстағы қалалар мен барлық ауданда жалғасты. Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған еріктілер «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, «Қоғамдық келісім» мүшелерінен құрылған еріктілер белсенділік танытты.
Еріктілер орталық алаңда, гүлзар мен теміржол вокзалында «маска тақ», «денсаулықты сақта» деген жазба қалдырды.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Қызылорда өңірінде Құрбан айт қарсаңында «Мың алғыс» республикалық акциясы өтті. Оған Сыр еріктілері мен этномәдени бірлестік өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар қатысты.
Акция кезінде індет жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жақындарына көмек көрсетілді.
Акция барысында 60 дәрігердің отбасына азық-түлік, мерекеге арналған себепттер жеткізілді.
«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі Сырдария ауданындағы этносаралық қатынастар жөніндегі мамандармен бірлесіп аудандағы ауруханада еңбек етіп жатқан 51 медицина қызметкерінің үйіне азық-түлік, ет таратып көмек көрсетті.
Арал ауданы бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, аудандық кәсіпкерлер тарапынан медицина саласы қызметкерлерінің 18 отбасына азық-түлік таратылды.
Республика көлемінде өткен «Мың алғыс» акциясына Солтүсік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері де атсалысты. Олар жалпы мөлшері екі миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Оның ішінде пандемия салдарынан зардап шеккен азаматтарға, сондай-ақ көп балалы отбасыларға, жағдайы төмен жанұяларға көмек көрсетті.
Ал облыстағы ассамблеяның этномәдени бірлестік өкілдері індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге, медицина саласының мамандарына қаржылық көмек көрсетті. Коронавирус инфекциясы кесірінен туысынан, жақынынан айырылған азаматтарға да көмек көрсетілді. Ал құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынған малдың еті мұқтаж жандарға, көп балалы отбасыларға үлестірілді.
Бұл шараға өңірдегі «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығы, «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігі, «Еврей мәдени орталығы», «Әзірбайжан мәдениеті орталығы», «Вайнах» шешен ингус қауымдастығы белсенді түрде атсалысты.
Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының этнос өкілдері мен белсенділері дәрігерлердің отбасына Құрбан айт қарсаңында қолдау көрсетті. Еріктілер 400 мың теңге қаражат жинап, тұрмысы төмен елу отбасыға азық-түлік таратты.
Ал Шығыс Қазақстанда Семей қаласында Достық үйінің этномәдени орталықаты қаладағы медицина мекемелеріне барып, дәрігерлерге, медицина саласының мамандарына сыйлық жасады.
Сондай-ақ, Семей белсенділері, оның ішінде Қазақстан халқы ассамблеясының белсенділері көп рет тағуға болатын медициналық маска тағып, тұрғындарға таратты. Нақты айтқанда, «Буюк келажак» өзбек ұлтының әлеуметтік-мәдени орталығының өкілдері 200 бетперде тығып шықты. Ол қала тұрғындарына үлестірілді.