Бүгін «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында облыстық ассамблеяның Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған шараны Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған жиынға Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің аналар кеңесі, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық білім басқармасының мамандары, Жамбыл өңірлік университетінің беткеұстар білікті психологтары, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.
«Бүгінде Аналар кеңесі - облыс орталықтарынан ауылдарға дейін жеткен үлкен ұйым. Аналар кеңесінің алдында тұрған жұмыстар өте көп және сан алуан. Және де зор жауапкершілікті қажет етеді түсінген адамға. Бүкіл әлемде қазір жаңғыру, жаһандану процесі жүріп жатыр және біз оған міндетті түрде атсалысуымыз керек. Сан қырлы жұмысымыздың ішіндегі әр этностың өз-өзін сақтап қалуы үшін ең негізгі жұмыс - тәрбие. Ал тәрбиелі балалар - біздің болашағымыз. Бүгінгі таңда кеңес өкілдері біздің облыста болып жатқан барлық іс-шараларға, саяси-идеялық, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға белсенді қатысады. ҚХА Аналар кеңесінің мақсат, міндеттері тек игілікті істермен айналысу», - деп есептейді Мухаббат Миражапова.
Сондай-ақ, «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясындағы аналар кеңесінің көшпелі отырыстарында қарастырылған түйткілді мәселелер де талқыланды. Бұған қоса, қаладағы жоғары оқу орындарының психолог мамандары «Дағдарыс жағдайының психотерапиясы» атты тренинг, «Эмоционалды интеллект басқару» тақырыбында тимбилдинг өткізді. Тимбилдингте пандемия кезінде жауапкершілігі еселене түскен аналардың дағдарыс жағдайдан шығуына арналған кеңестер берілді.
Кеңестің жыл бойы атқарған жұмысын қорытындылау, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша мемлекеттің жаңа шаралардың жүзеге асуын талқылау, аудандардағы аналар кеңесінің іс тәжірибесімен таныстыру, сонымен бірге аудандық мектептердегі балалардың тамақтану мәселелері, пандемия кезіндегі стрессті жағдайлардан шығу жолдары, аналарды өз балаларының бейбіт және қауіпсіз болашағының негізі ретінде елдегі әлеуметтік әл-ауқат, тұрақтылық, бейбітшілік және келісім саясатын қолдауға шақыру мақсатында ұйымдастырылған шараның игі тұстары да сөз етілді.
Жиын соңында Аналар кеңесінің белсенді мүшелері алғыс хаттармен марапатталып, оларға өңірлік ассамблея іс-шараларына қатысып, еткен ерен еңбектері үшін тағайындалған сыйлықтар табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында облыстық ассамблеяның Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің аналар кеңесі, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық білім басқармасының мамандары, Жамбыл өңірлік университетінің беткеұстар білікті психологтары, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.