30 қыр, 2020 сағат 11:30

ҚХА мүшесі Мемлекет басшысымен онлайн кездесуге қатысты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматта кездесу ұйымдастырды. Аталған кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі, Ассамблея еріктілерінің белсендісі Наргизам Махмудова да қатысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған онлайн кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Нұр-Сұлтан қалалық «Жаңғыру жолы» РЖҚ штабы төрағасының орынбасары, Ассамблея еріктілерінің белсендісі Наргизам Махмудова қатысып, Ассамблеяның қайырымдылық іс-шараларын ортаға салды.

«Біз Біргеміз» акциясы аясында елордамыздағы 23 мың отбасыға азық-түлік себеттері мен медициналық қорғаныс құралдары жеткізілді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде 2 млн. 200 мың теңгенің бетпердесін тегін тараттық. Одан бөлек, жалғызілікті үлкен кісілер мен әлеуметтік аз қамтылған 300-ге жуық отбасын екі ай бойы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Банктерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережелерін бақылау, маска үлестіру бойынша 1,5 ай бойы кезекшілік атқардық», - деді Наргизам Махмудова.

Айта кетейік, Наргизам волонтерлік қызметті 15 жыл бұрын, студент кезінен бастаған. Дүниені дүр сілкіндірген короновирус індеті кезінде де белсенділік танытып, әкімдік жанынан құрылған волонтерлар штабында Ассамблея жастарымен бірге мұқтаж жандарға көмектесумен айналысқан.

Наргизам Махмудованың айтуынша, Мамыр айында Мақтаралда болған табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға төрт гуманитарлық қабылдау пункттерін ашып, қалалық волонтерлар штабы 150 тонна азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдарын жіберген.

«Еріктілердің басым бөлігі жастар. Менің ұсынысым, волонтерлерді жас аралығына қарамай, барлық деңгейде осы игілікті іске тарту керек. Сонымен қатар, корпоративтік волонтерлікті дамытуды мемлекеттік деңгейде қолға алу қажет деп ойлаймын. Одан бөлек, волонтерлардың медициналық сақтандыруды заңдық тұрғыдан шешу жолға қойылуы тиіс. Бұл волонтерларды қолдау тек 2020 жылмен аяқталмай, ары қарай жалғастырудың да жүйелі көрінісі болмақ», -  деді Ассамблея еріктісі.

Осы орайда айта кету керек, жалпы республика бойынша Ассамблеяның қайырымдылық жасаушылары, этномәдени бірлестіктер Мақтаралға 102 миллион теңгеге 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жіберді.

Құрбан айт күндері Ассамблея «Мың алғыс» акциясын өткізіп, 7 мың медицина қызметкері, 11,5 мың дәрігердің отбасына жалпы сомасы 77,7 млн.теңгеге көмек көрсетті.

Оқу жылының басында 6 мыңға жуық оқушы мен 2,7 мың отбасы Ассамблеядан сыйлық ретінде 107 млн.теңге ноутбуктер алды. Жалпы алғанда, ҚХА биылғы жылдың 9 айында 1 млрд.497 млн. теңгенің көмегін көрсеткен.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматта кездесу ұйымдастырды. Аталған кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі, Ассамблея еріктілерінің белсендісі Наргизам Махмудова да қатысты. Ассамблея еріктісі кездесу барысында жастардың атқарып жатқан жұмыстары мен қайырымдылық шараларына тоқталып өтті.