Түркі халықтары үшін ақ орамалдың орны ерекше. Ақ сөзінің қадір-қасиеті жоғары. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» атты акция бастаған болатын. Аталған акцияға үлес қосу мақсатында «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты» тәрбиелік іс-шара өткізді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Аталған шараға Ақтөбе облысына белгілі 106 жастағы ана Жакибай Бисенғалиева қатысып, аналарға тағылымды әңгімесін айтты.
«Бүгінгі шараның атауының өзі қандай әдемі еді. Мен мына жүзден асқан шағымда орамалымды ғана серік етіп отырған әжелеріңмін ғой. Ақ жаулықтың қадір-қасиетін менен артық ешкім біле қоймас. Өткен ғасырда 16 жасымда басыма ақ жаулық салынып, ақ келін атанғанмын. Содан бері жаулығым басымнан түскен емес. Одан кейін өзім де талай келінге орамал салдым. Шүкір, бәрі өсіп-өнген аяулы аналарға айналды. Қарақтарым, ақылың болса, орамалдың қадірін біліңдер. Ақ жаулықты ана деген аяулы сөзге кір келтірмеу керек», - деді 106 жастағы ана Жакибай Бисенғалиева.
Аталған шараға «Аналар Кеңесінің» мүшелері, облыстық тарихи-өлкетану мүзей қызметкерлері, көп балалы аналар жас педагогтар қатысты. Іс-шара барысында елді бірлікке, бейбітшілікке үндейтін «Ақ орамал» акциясының символы - өмірдің, ана мен бейбітшіліктің символы ақ, кіршіксіз орамал туралы толыққанды әңгімені «Аналар Кеңесінің» мүшесі Б.Жетесова бастады.
«Ақ орамал бар бақыттың бастауы деп білемін. Пәле-жаладан сақтап, отбасына қуаныш сыйлайды. Әрбір ана, әрбір ене, әрбір әже, әрбір келін аңсаған, әрбір қыз армандаған ақ орамалдың қадірі ерекше. Сонымен бірге, дәстүрлердің бастауы. Басыңда орамал тұрғанда үлкеннің алдын кесіп өтпейсің, кішіге дауыс көтермейсің. Орамал сонысымен де ерекше. Биыл республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Ақ орамал» барша қыз-келіншектерге ой салғаны сөзсіз. Бүгінгі біздің шараға қатысушылардың барлығына да шексіз алғысымды білдіремін», - деді «Аналар Кеңесінің» мүшесі Б.Жетесова.
Қатысушылар ақ түс қазақ халқы үшін жанның тазалығын, кеңдігін, ана сүтімен сіңген ақ деген ұғымның мәні тереңде екендігін көрсеткендей болды.
«Ақ орамал- асыл аналардың аманаты» дегендей «Аналар Кеңесінің» жетекшісі Р.Сергалина, төрағасы Ж.Калиева, мүшелері А.Сарыбай, Б.Жетесова жас педагогтарға ақыл-кеңестерін жеткізіп, бізге керегі – бейбітшілік дегендей, жас ұрпаққа аманат ретінде ана жаулығына кір жұқтырмай, ел бірлігі үшін тынбай еңбек етіп, ортақ үйімізде бейбітшілік пен ынтымақ болу үшін, біз барлығымыз рухани нәр алып, күшейіп, бірігуіміз қажет екендігін атап өтіп, жас келіндерге ақ орамал салтанатты түрде табысталды.
«Бүгінгі шарада жас келіндерге ақ орамалды салтанатты түрде тапсыруымыздың мақсаты – ақ орамалдың қадірін арттыру. Бұл акция көпке қуаныш сыйлап жатқаны сөзсіз. Бүгінгі шарағамызға 106 жастағы Жакибай анамыздың өзінің қатысуы қандай мәртебе десеңізші. Ақ орамал қазақ халқының ғана емес, түркі елдерінің ерекше қадір тұтатын заты. «Анамның ақ жаулығы» деген сөздің өзінде қандай мән, қандай мағына жатыр десеңізші. Бүгінгі жастар осындай шаралардан көп тәлім-тәрбие алады деп сенемін», - деді «Аналар Кеңесінің» жетекшісі Р.Сергалина.
Ал «Аналар Кеңесінің» төрағасы Ж.Калиеваның айтуынша, мұндай шаралар жастарға ғана емес, барша үлкен-кішіге қажет дүние. Өйткені орамалдың киесі, орамалдың берері өте мол.
«Бүгінгі таңда республика көлемінде өтіп жатқан «Ақ орамал» акциясы барша қазақстандықтар үшін өте жылы шара деп білемін. Менің басымдағы ақ орамал анамнан қалған. Кейбір еліндер енесінің сыйлағанын, қыздар анасының таққанын көзіндей көріп, сақтап жатады. Бқл өте дұрыс. Өйткені ақ орамалдың киесі бар. Мен соған сенемін», - деді «Аналар кеңесінің» мүшесі мүшелері А.Сарыбай.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» атты акция бастаған болатын. Аталған акцияға үлес қосу мақсатында «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты» тәрбиелік іс-шара өткізді. Түркі халықтары үшін ақ орамалдың орны ерекше. Ақ сөзінің қадір-қасиеті жоғары. Аталған шараға Ақтөбе облысына белгілі 106 жастағы ана Жакибай Бисенғалиева, Аналар Кеңесінің» мүшелері, облыстық тарихи-өлкетану мүзей қызметкерлері, көп балалы аналар жас педагогтар қатысты. Қатысушылар ақ түс қазақ халқы үшін жанның тазалығын, кеңдігін, ана сүтімен сіңген ақ деген ұғымның мәні тереңде екендігін көрсеткендей болды.