Қазақстан халқы Ассамблеясы 10-11 тамызда "Абай күні" және ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық деңгейде онлайн поэзия фестивалін өткізді, - дeп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Басты мақсат - этномәдени бірлестіктер арасында ұлы ағартушының шығармашылығын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.
Сондай-ақ, еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті паш етуге арналған поэзия фестиваліне бастапқыда мемлекеттік тілді еркін меңгерген 175 этнос өкілін қатыстыру көзделген.
Қатысушыларға қазақ тілінде ақынның 175 өлеңін оқып, әлеуметтік желіде түрлі форматта бейнетүсірілім жариялау міндеттелді. Алайда 130 дан астам ұлт өкілінің ақынға деген ерекше құрметі мен ілтипаты бұл межеден асып түсті.
Соның нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы баспасөз қызметіне 705 бейнеролик келіп түсті, ішінде 521 қатысушы ақын өлеңдері мен аудармаларын қазақ тілінде оқыған. Қалған 127 қатысушы басқа тілдерде өлең оқыды.
126 қатысушы Абай әндерін шырқап, қара сөздерін нақышына келтіріп оқыды.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев бұл шараға атсалысу мақсатында және этнос өкілдерін қолдау үшін Абайдың 37 қарасөзін оқыды.
Қатысушылардан түскен барлық бейнежазба Қазақстан халқы Ассамблеясы сайты мен өңірлік филиалдардың Facebook, Instagram, Vkontakte, Youtube, Telegramm каналында, түрлі ақпараттық сайттарда жарияланды.
Фестиваль екі күнге жалғасты. Сондай-ақ, Абай күнінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ғалымдары мен сарапшылары Қазақстан президенті Қ.К.Тоқаевтың "Абай – рухани реформатор" мақаласын талқылады. Елуден астам пікір бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарияланды.
Сондай-ақ, Ассамблея Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінің абайтанушы-ғалымдары мен тарихшыларының қатысуымен "Абай: тарих және қазіргі заман" халықаралық конференциясын өткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Абай күніне арналған іс-шараларына республика бойынша 27 795 этнос өкілі қамтылды. Онлайн конференцияға 965 сарапшы-ғалым мен тарихшы қатысты.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының "Әлемді аялаған сөз. Қазақстан этностарының өкілдері Абай туралы» кітабының онлайн-тұсаукесерін өткізді.
"Қазақстан этностары өкілдерінің Абай туралы эсселері енгізілген "Әлемге жеткен сөз" жинағының тұсаукесері өтті. Абай – қазақтың ұлы ақыны және ойшылы. 2020 жылы Абайдың 175 жылдығын атап өтеміз. Әлемдегі жағдайға қарамастан, мерейтой ауқымды және жоғары деңгейде атап өтіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 10 тамыз күні Абай күні болып жарияланды және мереке күндерінің тізбесіне енгізілді. Осы мерейтой қарсаңында ғалымдар Ұлы Абайдың еңбектерін зерттеу бойынша белсенді жұмысқа кірісті", - деп хабарлады Қазақстан халқы Ассамблеясы.