ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кітапханашылар мен архив қызметкерлерінің денсаулығына алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етуде мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселесі маңызды рөл атқарады. Өйткені, мүлдем зиянсыз мамандықтар жоқ екені белгілі, бәрі өздігінен қауіпті. Осыған байланысты кітапхана жүйесі мен архив қызметкерлерінің жұмыс орнындағы кәсіби қауіп-қатердің кейбір тұстарын атап өткім келеді.Барлық дерлік архив және кітапхана қызметкерлері қорда жұмыс істеу барысында және қағаз шаңымен байланысуға мәжбүр», - деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында.
Оның атап өтуінше, кітапханашылардың жұмысы саңырауқұлақтардың көптеген споралары бар атмосферада өтеді.
Олардың ағзаға әсері кітапхана қызметкерлерінің көптеген кәсіби ауруларының дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда зең саңырауқұлақтарының адамдар үшін зиянды екендігі нақты анықталған.
Көгеруден басқа, кітапханашының денсаулығына кітап шаңы қауіп төндіреді. Ол аллергия, бронх астмасын туғызуы мүмкін.
Архив мекемелеріндегі жұмыс шаң жинауға, саңырауқұлақ вирустарын жұқтыруға қабілеті бар құжаттармен байланысты. Олар өз кезегінде әртүрлі ауруларды тудырады.
«Архив қызметкерлері әрбір қағаздың сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, өндірістік ортаның көптеген факторларына ұшырайды. Бұл: жергілікті жүктеме, аллерген болып табылатын шаң-тозаң, қалпына келтіру және дезинфекциялау жұмыстарында қолданылатын химикаттар», - деді ол.
Министрдің дерегінше, зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) еңбек жағдайлары бар жұмыстармен, атап айтқанда:
- зең саңырауқұлақтарын, актиномицеттер мен патогенді микробтарды жұқтырған қағаз негізіндегі құжаттармен, кинопленкамен және фотопленкамен жұмыс істеу және оларды зиянды химиялық ерітінділерді қолдана отырып, қалпына келтіру, бетіндегі зеңді жою;
- қағаз жеткізгіштердегі құжаттардың жағдайын диагностикалау бойынша жұмыс;
- мамандандырылған үй-жайлардағы ауа және қағаз ылғалдылығын реттеу және басқа да арнайы технологиялық процестерді өзгерту;
- бензинде, дихлорэтанда, ацетонда, эфирде және сілтілік ерітінділерде өндірістік қондырғылар мен аппаратуралардың бөлшектерін, ыдыстарды, бұйымдарды, материалдарды қолмен жуу;
- түптеу (тігу) үшін, әлсіз контрастты және өшетін мәтіні бар құжаттар бойынша ақпаратты анықтау;
- кітапхана және музей-қорымен жұмыс істеу, сондай-ақ зиянды химиялық реакциялардың ошағына айналатын шаң мен кірден тұратын театрлық декорация мен бутафорияны жасаумен айналысатын қызметкерлерге қосымша ақы қарастырылған.
«Алайда, жоғарыда көрсетілген қосымша ақы қызметкерлерге ҚР Еңбек кодексіне сәйкес «Жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі» негізінде беріледі. Сонымен қатар, жоғарыда аталған тізімде мемлекеттік архив және кітапхана мекемелері қызметкерлерінің лауазымдары жоқ»,- деді Ақтоты Райымқұлова.