16 ақп, 2022 сағат 12:40

Кітап дүкендерінде қазақ авторларының туындылары неге аз?


Заманауи кітап дүкендерінде қазақ тілді атворларды қойып, Қазақстанда шығарылған кітаптардың үлесі тым аз. ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік бағдарламалармен шығатын кітаптар облыс, аудан орталықтарындағы кітапханаларға жеткізілуде. Ал бірақ ол кітаптар дүкендерге жетпейді. Себебі баспалардың бағдарлама бойынша орындалған тапсырыстың үстіне артық тираж шығарып, оны кітап дүкендеріне өткізетін құқықтары жоқ. Сондықтан біз бүкіл баспалармен ақылдасып, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», -деді ол Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Сондай-ақ, бұл жағымсыз тенденцияның себептеріне де тоқталды. 

«Себебін іздейтін болса, әрине, ол нарықтағы кітап сату және кітап сатып алу мәдениетіне келіп тіреледі. Республика территориясында жұмысы жүйеленген дүкендердің сөрелерінде қазақстандық автолардың, оның ішінде қазақ әдебиетінің белгілі ақын-жазушыларының еңбектері сирек кездеседі. Ал «Меломан» желісінің басшыларының айтуынша, ондағы дүкендерде елімізде шыққан кітаптардың үлесі он-ақ пайыз. 

«Атамұра», «Алматы кітап» баспаларының ірі облыс орталықтарында өз дүкендері бар», - деген кітап маманы соңғы жылдары «Қазына» кітап дүкені тек қазақ тілді авторлардың туындыларын сататынын атады.