11 қыр, 2019 сағат 14:19

Кинотеатрдағы отандық кинолар Голливуд фильмдерін қуып жетті - Нұрлан Қоянбаев

Қазақстандық кинопродюсер Нұрлан Қоянбаев Astana Media Week апталығында қазақстандық кинотуындыларды көрсету жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кино саласында жұмыс істеп жатқанымызға 4 жыл болған жоқ, бұл аралықта кішігірім 3 кино түсірдік. Қазақстандық көрерменнің отандық киноға деген қызығушылығы өсіп жатыр. Соңғы екі жылда қазақстандық кинолар көру жағынан Голливуд киноларын қуып жетті деп айтуға болады. Қазақстан кинотеатрларынан көрсетілген үздік 5 киноның қатарына 2 қазақстандық кино енді. «Бизнес по казахский» фильмінің кассалық түсімі 2 млн доллар табыс тапты. Оны ең үздік деп отырған жоқпын. Бірақ, бұл - кинотеатр түсіміндегі қазақстандық киноның жеңісі», - деді Н. Қоянбаев «Қазақстандағы кино мен сериалды дамыту» панельдік сессиясында.

Сонымен бірге, продюсер Үкімет тарапынан өнер мен киноны қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бизнес по казахский» фильмінің кезекті шығарылымын Кореяда түсіріп келдік. Ондағы әріптестермен сөйлескенде, Корея мемлекеті әлі күнге дейін жеке компанияларға көмектесіп жатқанын айтты. Нәтижесін де көріп отырсыздар, Оңтүстік Кореяның телехикаясы, киносы, мәдениеті бүкіл әлемге таралды», - деді ол.

Айта кетейік, елордадағы «Қазмедиа» орталығында үш күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға — Astana Media Week басталды.

Онда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев отандық сериал өндірушілерге салық жеңілдігі туралы айтты.