Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұлттық деп танылуға үмітті киножобалардың кезекті іріктеу конкурсына өтінімдер қабылдауды аяқтады.
Қазіргі күні Орталық конкурсқа ұсынылғандарды өңдеуге кіріскен. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Орталықтағы Өндіріс бөлімінің сарапшысы Бижан Әбішевтың айтуынша, биыл 450 компаниядан 503 өтінім келіп түскен. «Әдеттегідей, «Көркем фильмдер» санатындағы өтінімдер саны көп, биыл – 231. «Деректі фильмдер» санатында – 86, «Қысқаметражды фильмдер» санатында - 73, «Бірлесіп шығарылатын фильмдер» санатында - 58, «Анимация» санатында - 35, «Дебют» санатында - 31, «Авторлық/артхаустық кино» санатында - 25 өтінім келіп түсті.
Нақтылап кетейік, еліміздің ең ірі киностудиясы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ биыл 45 өтінім тапсырды. 2019 жылы өткізілген Кино орталығының питчингіне 109 өтінім қабылданған. 2020 жылы 226 өтінім келіп түскен. Ал биыл 503 өтінім, саны жыл сайын артуда», - дейді Б. Әбішев.
Оның сөзіне қарағанда, биыл Кино орталығы өтінімдер қабылдау талаптарын біршама жеңілдеткен. Оған сәйкес, бірінші кезеңде қатысушылар сценарийді, авторлардың түйіндемелерін, өндіріске сұратылатын соманы қамтитын алдын-ала құжаттар пакетін ғана тапсыруы керек. Конкурстың келесі кезеңінде презентация, смета, ниет шарттары мен т.б. құжаттарды қамтитын толық пакетті дайындау қажет болады.
«Қазір біз техникалық жұмысты аяқтап жатырмыз, содан кейін сценарийлік өтінімдер олардың көркемдік мазмұны бойынша бағаланады. Бұл үшін Сараптама кеңесі жобаларды алдын ала бағалау бойынша жұмыс жүргізеді. Содан кейін питчингке жіберілетін жобалардың тізімін анықтаймыз, онда конкурсқа қатысушылар өз жобаларын Сараптама кеңесінің мүшелеріне таныстыра алады. Питчингті өткізгеннен кейін хаттамаларды өңдеп, Ведомствоаралық комиссияның қарауына өтетіндердің тізімін жасаймыз.
Айта кетейін, жеңімпаздар Сараптама кеңесінің қорытындысы мен құрамына министрліктердің басшылары, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары кіретін Ведомствоаралық комиссия ұсынымының негізінде айқындалады. Бұл комиссия өз жұмысында, ең алдымен, мемлекеттік мүдделерді сақтауға және киножобалардағы ҚР заңнамалық нормаларын бұзушылықтарды анықтауға бағдарланады», деп атап өтті Бижан Әбішев.
Еске сала кететін жайт, мемлекеттік қаржыландырудан үмітті киножобаларды одан әрі іріктеу кезінде ескерілетін маңызды мәселелер бар. Олардың ішінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған фильмдер жасау да бар.
«Әрине, түсірілім тобының кәсібилігі, продюсер мен режиссердің тәжірибесіне де назар аударылады», дейді Б. Әбішев.