Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Ұлттық комиссия отырысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру туралы айтқан болатын. Осыған орай «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы барысында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев отандық киноиндустрияны дамытуға қатысты маңызды мәселелерді қозғады.
Оның айтуынша, біз - әлемдік құрылымның түбегейлі өзгеруінің, әлемнің көптеген мемлекеттерінің қоғамдық-саяси қалыптасуының тек куәгері ғана емес, тікелей қатысушысымыз.
«Тарихи және маңызды оқиғаларға толы дәуір тез өтіп барады, олар, шығармашылық тілмен айтқанда, декорациялар, натуралық локациялар мен актерлері динамикалық түрде ауысатын жаһандық спектакль немесе әсерлі блокбастер іспеттес. Бұл ретте тек пассионарлық кезеңдерді ғана емес, сонымен бірге келесідей тарихтағы драмалық сәттерді де терең және кәсіби түрде көрсететін әдеби, көркем, бейнелеу туындыларының, театр және сахналық қойылымдардың шығарылуы өзекті екені сөзсіз», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол бүгінгі Қазақстанның тарихы маңызды жаһандық оқиғаларға толы екенін атап өтті.
«Аталған тарихтың негізгі кезеңдері рухани және әлеуметтік-мәдени саладағы материалдық және материалдық емес активтерде орын алуға толық құқылы. Мұнда, әрине, мәдени-индустриялық өнім ретіндегі әмбебаптығын ескере отырып, киноның рөлі мен мүмкіндіктеріне күмән келтіруге болмайды», - дейді Есетжан Қосубаев.
Оның сөзінше, отандық кино саласы 2001 жылдан 2020 жылға дейін ел бюджетімен шамамен 70 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған.
«Әрине, халықаралық кинофестивальдерде үлкен жетістіктерге жетіп, ең беделді халықаралық киносыйлықтардың қысқа тізіміне енген сәтті нәтижелер болғаны сөзсіз, дегенмен, егер біз бұл жетістіктерді мемлекеттің, дәлірек айтсақ, салық төлеушілердің, халықтың қалтасынан бөлінген қолдаумен салыстыратын болсақ, онда «тау толғатып, тышқан туды» деуге болады. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің, ҰКҚМО, «Қазақфильм» киностудиясының басты міндеті – көрсетілген қамқорлыққа нақты және нәтижелі жауап беру. Қазақстан кинематографы өзінің түрлі сегменттерімен осы маңызды салада жүріп жатқан барлық үдерістердің әлемдік жүйесіндегі өз ұстанымы мен орнын анықтауы керек. Халық ақшасы үшін жауапкершілікті сезінбестен, бюджетті тек тұтынушылық тұрғыдан қабылдау - бұл сөзді айтуға қорықпаймын, барып тұрған азғындық», - дейді ол.
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы кино саласына қатысты өз ұсыныстарын айтты.
«Президент атап өткендей, әлемдегі ең ірі киноөндіруші және стримингтік компаниялар Азияға қызығушылық танытып отыр. Жаңартылған Заңға біз киносериал, киноспектакль ұғымдарын енгізгіміз келеді. Бүгінде дәл осы жанрлар көрермен арасында үлкен сұранысқа ие. Біздің кино өндірушілерді «ұлттық» деген мәртебеге сай контентті жасауға бағыттауымыз керек. Бұл тарихи тақырыптағы фильмдер, Қазақстанның ұлы қайраткерлері туралы әлеуметтік маңызы бар, жастарға арналған деректі туындылар, халықаралық кино нарығына шығатын балаларға арналған анимациялық картиналар. Орталық «Алтын Орда» атты ірі жобаны іске асыруға дайындықты бастады. Әрине, бұл - кино қайраткерлерінің, мемлекеттік құрылымдардың, әлемдік кино орталықтарының серіктестерінің экстенсивті емес, іргелі тәсілдемелерін, яғни халықаралық консорциум құруды талап ететін үлкен өршіл хабарландыру. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кинематографтың барлық жанрларында ең жоғары идеялық-көркемдік деңгейде көрініс табуы тиіс», - дейді спикер.