Кино өндірісі саласындағы қызметтер жыл ішінде 13,5 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ranking.kz порталына сілтеме жасап.
Осы жылдың 3 тоқсанының қорытындысында кино-видеофильмдер мен телевизия бағдарламасы, фонограмма мен музыкалық жазбалар өндірісі бойынша қызметтер 31,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары. Ал шынайы өсім – 13,5 пайыз. Ал экономиканың байқалмайтын секторын есепке алмағандағы қызметтер көлемі 30,9 млрд теңге болды. Жыл ішіндегі өсім 17,5 пайызға жетті.
Өңірлер шегінде қызметтердің негізгі бөлігін Алматы қаласы көрсетті. Бұл қалада көрсетілген қызметтер 21,9 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар үздік үштіктің қатарында Нұр-Сұлтан (6,2 млрд теңге) мен Шымкент қалалары (952,9млн теңге) бар.
Сектордағы барынша аз көрсетілген қызмет Ақтөбе облысында көрсетілді. Бұл өңірде жыл ішінде көрсетілетін қызметтер көлемі 1 жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 39,5 пайызға қысқарып, не бәрі 6,4 млн теңгені ғана құрды.
Ал қызметтер көлемінің жыл ішіндегі ең жоғары өсімі Ақмола облысында тіркелді. Өңірде қызметтер көлемі бір жылда 3,2 есеге артып, 57,2 млн теңгеге жетті.
Секторлағы барлық қызметтердің жартысынан көбін кино-видеофильмдер мен телевизиялық бағдарламалар алады: 1 жылда 91,3 пайызға артып, 16,5 млрд теңге болды. Кино-видеофильм мен телевизия бағдарламаларын таратуға қатысты қызметтер көлемі 3,1 пайызға ұлғайып, 9,2 млн теңгені құрайды. Кинофильмдер көрсету қызметтері жыл ішінде 21,2 пайызға төмендеді және 4,7 млрд теңге болды.