Алматыда 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі шеңберінде Қазақстан кинематографистер одағының ұлттық «Құлагер» жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Жүлденің басым бөлігіне Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған фильмдер ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" тілшісі киностудияның баспасөз қызметін сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, «Ең үздік фильм» жүлдесі Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильміне, ал «Үздік актер» жүлдесі осы фильмде басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолдаға бұйырды.
Қазақстан кинематографистер одағының шешімімен Ардақ Әмірқұлов үздік режиссер атанды («Үнсіздікте» фильмі үшін). «Үздік актриса» жүлдесін «Айка» фильмінде басты рөлде ойнаған Самал Еслямоваға еншіледі. «Үздік сценарий» номинациясында «Әкеге қоңырау шалу» фильмінің сценарий авторы Серік Апрымов жеңіске жетсе, үздік продюсер ретінде «Алмас қылыш» фильмінің продюсері Арман Асеновтың есімі аталды.
«Құлагер» жүлдесін деректі кино өкілдері де алды. Мәселен, «Алтын Емел» фильмінің режиссері Олег Белялов «үздік режиссер-документалист» жүлдесіне ие болды. Ал Анвара Садықова мен Ғазиз Насыров түсірген «Қазақ биі» деректі фильмі «Үздік деректі фильм» жүлдесіне қол жеткізді.
Ұлттық киножүлдені табыстау рәсімінде қазақ анимациясы да ерекше аталды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған толықметражды «Мұзбалақ» фильмі «Үздік анимациялық фильм» жүлдесін иеленді. Одан бөлек, «Құлагер» жүлдесі Рамиль Усмановқа (үздік режиссер-аниматор) және қазақ анимациясының дамуына үлес қосқаны үшін Жәкен Дәненовқа табысталды.
Отандық жас киногерлер де құр қол қайтпады. «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесі «Асан» фильмі үшін Берік Жахановқа, ал «Үздік дебют» жүлдесі «На грани» фильмінің режиссері Алдияр Байракимовқа табысталды.
Сарапшы комиссия қазақ киносының басқа да өкілдерін жүлдемен марапаттады. «Алмас қылыш» картинасы үшін Ажар Әубәкірова үздік костюм жөніндегі суретші деп танылды. Одан бөлек, «Құлагер» мүсіншесін: оператор Азамат Дулатов («Лифт»), дыбыс режиссері Сергей Лобанов («Үнсіздікте»), композитор Қуат Шілдебаев («Түрксіб»), қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов («Үнсіздікте»), суретші-гример Лидия Ордынская («Анаға апарар жол»), сондай-ақ, каскадер Қасым Жұмағожиндер ие болды. Кинодағы үздік эффекті - «Cubic» студиясында.
Қазақ киносына қосқан үлесі үшін Қадыр Қосай мен Игорь Вовнянкоға Құлагер сыйлығы табысталып, кинотанушы Нәзира Мұқышеваға да мүсінше берілді.