Қаңтар қасіреті біз күтпеген жайт деп айтуға да, айтпауға да болады. Себебі бәрі осыған келе жатты. Қоғамдағы жұмыссыздық, идеологияның әлсіреуі, түрлі діни ағымдардың жастарды жан-жаққа алып кетуі, ақша мен билікке деген құштарлық - айналып келгенде бізді азғантай уақытта осындай қасіретке соқтырды. Осының алдын алуға болатын еді. Жұрт айтпады емес айтты, жазбады емес жазылды. Бірақ қоғам қаламгерлердің пікірімен санаспай, құлақ аспай кетті.
Мұны ұйымдастырғандар – бірінші билікке құмарлар. Екіншіден - тәуелсіздікті аяққа басқысы келгендер. Үшіншіден - ақша қуған жандар. Олар мемлекеттік төңкеріс жасағысы келді. Соның салдарынан жазықсыз жандар, бейбіт шеруге шыққан азаматтар құрбан болды. Полиция қызметкерлері қаза тапты.
Ең бастысы елге, ұлтқа деген тәрбие босаңсып кетті. Ұлттық идеологиямыз әлсіреді. Ұзын арқан, кең тұсау әлі отыр. Оның қандай астары бар, қандай жағдайы бар белгісіз. Ақын ана ретінде айтарым, нақты шешімі айтылуы керек. Ел ақиқатты білуі тиіс. Қоғамда адамдар сенімін жоғалтпауы керек. Ұлтты сақтаймыз десек, идеологиямызды түзейік. Сондықтан қаңтар оқиғасынан сабақ алып, кімнің кінәлі, кінәсіз екенін тез арада айтуы керек.
Ақұштап Бақтыгереева,
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері