28 мам, 2021 сағат 18:15

«Киелі табиғат»: Қазақстанда қоршаған орта мәселесіне арналған You Tube арнасы ашылды


Елімізде қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәселелерге арналған «Киелі табиғат» атты жаңа You Tube арнасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін «Киелі табиғат» республикалық экологиялық жобасы аясында жаңа You Tube арнасын іске қостық. Аталған интернет кеңістігінде қалдықтарды сұраптау мен басқа да эко әдеттерге баулитын бейнероликтер, бейнесабақтар жарияланатын болады. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру. Сондай-ақ, «Киелі табиғат» You Tube арнасында қоғамдағы өткір экологиялық тақырыптарға арналған әлеуметтік бейнероликтер де орын алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру керектігін бірнеше рет баса айтқан болатын. Осы орайда жұмысты жасөспірімдерден бастаған жөн», - деді «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы Динара Сәдуақасова. 

Оның айтуынша, қоғамның экологиялық сауаттылығын арттыру қозғалысына көпшілік қауымға танымал эко-амбассадорлар, белсенділер сонымен қатар қоғамдық ұйымдар жұмылдырылады. 

Одан бөлек, ұйым басшысы аталған жобаны жүзеге асыруда жасұландықтардың белсенді рөл атқаратынын ерекше атап өтті. 

«Жасұландықтардың қатысуымен осыған дейін де бірнеше қоршаған ортаны қорғау, сақтау тақырыбына арналған акциялар мен сенбіліктер ұйымдастырылды. Соңғы 1 айдың ішінде 800 мыңнан астам жасөспірім экологиялық акцияға қатысты. Алдағы уақытта «Балапан» телеарнасымен бірлесіп қоршаған ортану аялау тақырыбына арналған мультфильм мен телебағдарлама түсіру жоспарымызда бар», - дейді ол. 

Айта кетсек, бүгін тұсауы кесілген «Киелі табиғат» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының демеушілігімен жүзеге асырылып жатыр.