14 мау, 2021 сағат 18:04

Kids go free: Қанша жастағы балалар ұшақта тегін ұша алады


Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Kids go free бағдарламасының биылғы талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Kazakh Tourism компаниясы Kids go free бағдарламасының әкімшісі және операторы болады. Бұл – балалардың ұшу шығынын субсидиялау тетігі. Бұл бағдарлама топ-10 дестинацияда отбасылық демалысты ұйымдастыру көлемін арттыруға бағытталған. Бағдарлама туристік операторлар арқылы іске асады. Яғни, 2-14 жас аралығындағы баласы бар отбасы қазақстандық курорттарға туристік операторлар арқылы билет сатып алған болса, балалардың билет құны кешіріледі», - деді компания басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Kazakh Tourism басшысы мұндай субсидия 2-3 жолдамаға төленбейтінін ескертті. Сондай-ақ, билет құны тек туристік операторлар арқылы демалысқа барған отбасыларға ұсынылмақ. 

«Мұндағы жалғыз талап - ұшып келген жерде отбасы 4 түн, 5 күннен кем болмауы керек. Осы арқылы біз Қазақстандағы отбасылық демалысты қолдаймыз. Біздің есебіміз бойынша осының арқасында отбасының жолдама алуға кететін бюджеті 20-30 пайыз үнемделеді», - деді Ержан Еркінбаев.