Плей-оффқа мерзімінен бұрын алғашқы болып шыққандар – Өскеменнің «Торпедо» командасының хоккейшілері, олардан кейін плей-оффқа жолдаманы қарағандылық «Сарыарқа» және елорданың «Номад» командасы алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Чемпионат көшбасшысы – «Торпедо» қазіргі кезде 35 матчтың 33-ін жеңіп, активінде 90 ұпайы бар. Бұл нәтижесінің арқасында Олег Болякиннің қарамағындағы спортшылар кейбір қарсыластарынан әлдеқайда озып кеткен.
«Горняк» «Теміртаудан» жеңілген соң, «Сарыарқа» мен «Номад» командалары чемпионаттың финалдық бөлігінде өздеріне орын дайындап қойған.
Бұл екі ұжым турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі командаларды шаңына жеткізбей қойды. Қарағандылықтардың активінде 27 жеңіс пен 79 ұпай. Ал «көшпенділердің» қанжығасында 27 жеңіс пен 77 ұпай бар.