Еліміздің бас хоккей турнирі 2020/2021 жылғы маусымнан бастап PRO HOKEI LIGASY – Қазақстанның кәсіпқой хоккей лигасы деп аталады, деп хабарлайды Қазақстан хоккей федерациясының (QHF) баспасөз қызметі.
Федерация Қазақстанның «Creeon» дизайн студиясымен бірлесіп спорттық дизайндағы негізгі бағыттарды бейнелейтін ерекше эмблема жасап шығарды.
«Әлемдік хоккей трендіне ілесіп, біз де негізгі логотип ретін қалқанды алдық. Ол қамқорлық, бірлік пен намыс символы. Өткір бұрыш, қатты формалар ойынның мәнін – күш пен энергияны, сенімділікті, биік мақсат мен чемпиондыққа деген ұмтылысты көрсетеді», - делінген QHF Instagram парақшасында.
Айта кетсек, бұған дейін хоккей федерациясы да атауы мен ұйымның логотипін өзгертіп ребрендинг жасаған болатын.
Қазақстанның Кәсіпқой хоккей лигасы 12 қыркүйекте басталады деп жоспарланған. Лигаға Қазақстан мен Өзбекстанның 10 командасы қатысады. 2019/2020 жылғы маусым COVID-19 пандемиясына байланысты аяқталмай қалған еді.