02 нау, 2021 сағат 20:44

Хоккей: «Барыс» плей-оффтың алғашқы ойынында «Металлургтен» жеңілді

Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысында елордалық «Барыс» бүгін Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінгі ойын тартысты өрбіді. Алғашқы екі кезеңнің өзінде командалар бір-бірінің қақпасына тоғыз шайба соқты. 

Есепті небәрі 37-секундта «Металлург» хоккейшісі Егор Коробкин соққан болатын. Бұдан кейін «Барыс» сапынан Кирил Панюков 5, Роман Старченко 13, Даррен Диц 15-минуттарда үш шайба соғып кетті.

Екінші кезеңде ресейлік команданың басымдығы байқалды. Олар қатарынан төрт шайба соғып, есепте алға шықты. Бұл голдарды Егор Яковлев 21, Сергей Мизякин 26, Николай Голдобин 28, 33-минуттарда өзінің еншісіне жазды. Оған «Барыс» сапынан Фил Вароне 36-минутта жалғыз шайбамен жауап қайырды.

«Металлург» хоккейшілері Егор Яковлев 52, Николай Прохоркин 53-минуттарда мергендік танытты. Ойында «Барыс» қарсыласына 4:7 есебімен есе жіберді. 

Жарыс талабы бойынша плей-офф кезеңінің ширек финалында екі команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін созылады.

Енді «Барыс» Магнитогорскіде 4 наурызда тағы бір ойын өткізеді. Ал 6 және 8 наурыз күндері командалар елордада шеберлік байқасады. Қажет болған жағдайда қосымша ойындар 10, 12, 14 наурыз күндері өткізіледі.

Айта кетерлігі, «Барыс» құрлық хоккей лигасына биыл 13 мәрте қатысты. Соның он бірінде плей-офф сатысында бақ сынады. 2014, 2017, 2019, 2020 жылдарда жарыстың екінші кезеңіне шықты.