10 нау, 2021 сағат 20:25

Хоккей: «Барыс» плей-оффта «Металлургке» есе жіберді

Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысында елордалық «Барыс» бүгін Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен бесінші ойынын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінгі кездесуде ресейлік команданың басымдығы байқалып тұрды. Алғашқы минуттан ойын тізгінін қолына алуға тырысты. Нәтижесінде «Металлург» сапынан Сергей Мозякин 2, Николай Прохоркин 15, Николай Голдобин 27-минуттарда мергендік танытты. 

Оған 30-минутта «Барыс» хоккейшісі Кёртис Валк бір шайбамен жауап берді. Бұдан кейін қазақстандық команда қақпасына екі гол жіберіп алды. Оны ресейлік клуб сапынан Тейлор Бек 35, Деннис Расмуссен 36-минуттарда өздерінің еншісіне жазды. 

Кездесуде «Барыс» қарсыласына 1:5 есебімен есе жіберді. Осылайша ресейлік клуб ойындар сериясында 3:2 есебімен алға шықты. 

Жарыс талабы бойынша плей-офф кезеңінің ширек финалында екі команданың біреуінің төрт жеңісіне дейін созылады. Алдағы екі кездесуде бір команда жеңістер санын төртеуге жеткізсе, жарыстың келесі сатысына шығуына мүмкіндік алады.

Енді екі команда 12 наурызда елордада тағы бір ойын өткізеді. Бұл кездесуде «Барыс» жеңіске жеткен жағдайда ойындар сериясында есеп теңеседі. Бұл жұптағы жеңімпазды анықтау мақсатында 14 наурызда командалар тағы бір мәрте шеберлік байқасады.