«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында бүгін, 4 желтоқсанда, елордада Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінгі кездесуде командалар тартысты ойын көрсетті. Елордалық хоккейшілер ойн бастала салысымен алға қарай ұмтыла түсті. Нәтижесінде 8-минутта «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев есеп ашты. Ресейлік команда бірінші кезеңде шабуылға шықты. Десе де таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Екінші кезеңде қос команда да бір-бір шайбадан соқты. Ойынның 27-минутында «Локомотив» хоккейшісі Георгий Иванов таразы басын теңестірді. Ал 37-минутта елордалық Мэтт Фрэттин қайтадан «Барысты» алға шығарды. Елордалық Линус Виддель 59-минутта бос тұрған қақпаға гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.
Айта кетелік, 10 қарашада елордалық клуб аталған қарсыласынан 2:7 есебімен жеңіліп қалған еді. Сол жолы кеткен есені «Барыс» бүгін қайтарды.
Енді «Барыс» 6 желтоқсанда Ресейдің «Витязь» (Подольск) командасын қабылдайды.