Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысында елордалық «Барыс» бүгін, 12 наурызда Ресейде «Металлург» (Магнитогорск) командасымен алтыншы ойын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, жеңістер сериясы бойынша «Металлург» 3:2 есебімен алда тұрған болатын. Бүгін «Металлург» жеңіске жеткен жағдайда шығыс конференциясында жартылай финалға жолдама алатын еді. Ал елордалық клуб басым түссе, ойындар сериясы тағы бір кездесуге созылатын.
Бірінші кезеңде екі команда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ал екінші кезеңде командалар шабуыл шебінен көбірек бой көрсетті.
Алдымен «Металлург» сапынан Семён Кошелев 25-минутта есеп ашты. Одан кейін «Барыс» хоккейшісі Линус Виддель таразы басын теңестірді. Ал 36-минутта Деннис Расмуссен қайтадан ресейлік клубты алға шығарды. Қазақстандық Никита Михайлис 39-минутта мергендік танытты. Есеп 2:2.
Үшінші кезеңде ресейлік Сергей Мозякин – 45, Тейлор Бек 54-минуттарда гол соғып, есепті ұлғайта түсті. «Барыс» хоккейшісі Кирилл Панюков 57-минутта есеп айырмасын қысқартты. «Металлург» сапынан 58-минутта Сергей Плотников қорытынды есепті белгіледі. Осылайша елордалық команда қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.
Ресейлік клуб жеңістер сериясында осылайша 4:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде жартылай финалға жолдама алды.
Қазіргі уақытта 1/2 финалға алты команда шықты. Олардың қатарында ЦСКА, «Локомотив», СКА, «Динамо», «Ак Барс», «Салават Юлаев», «Авангард» клубтары бар.