Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «Хэнань провинциясы күндері» өтті.
Қытай павильонында ашылған көрмеге Хайнань провинциясының делегациясы, Қытай павильонының жетекшілері, ЭКСПО-ның астаналық дирекциясының басшылары және Қазақстандағы іскерлік орта өкілдері қатысты.
Хайнань провинциясының халықаралық сауда-саттықты дамыту комитеті өкілі Ван Цзиньчжэнь: «Хайнань Қытайдың оңтүстігіндегі үлкен аймақ саналады. Табиғи ресурстарға бай, экологиясы таза. Бұл туристер үшін таптырмайтын орталық», - дейді. Ван мырза қазақстандықтарды Хайнань аралына саяхат жасап, туристік қарым-қатынасты арттыра түсуге шақырды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясының комитет басшысы Майнюра Мурзамадиева Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Қытай басшысы Си Цзиньпинмен 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы келіскенін тілге тиек етті.
Шара барысында қос мемлекеттің өкілдері өзара қарым-қатынасты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Хайнань провинциясы өкілдері қазақтандықтарға туризм саласындағы тәжірибелерін бөлісуге дайын екендігін жеткізді.
Хайнань провинциясы халықтық саяси консультативті кеңесінің басшысы Юй Сюнь: «Бүгінде Хайнань – даму қарқыны зор, арнайы экономикалық аймағы бар провинция. Біз өз тәжірибелерімізбен бөлісуге әрқашан дайынбыз. Осындай игі істер арқылы екі елдің байланысы нығая түседі деген ойдамын», - дейді.
Негізінен ауылшаруашылыққа ден қоятын бұл провинция Қазақстанның үш бірдей облысымен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті. Олар – Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары. Одан бөлек медицина, агрохимия, туризм секілді салалардағы қарым-қатынас қарастырылатын болады.
Хайнань провинциясы көрмесінің ашылуына орай Қытайдан 20-дан астам кәсіпкер Астанаға ат басын бұрды. Олар медицина, ауыл шаруашылығы, туризм салалары бойынша жаңа байланыстар орнатуды көздеп отыр.
Ашылу салтанаты барысында хайнандық өнерпаздар өнер көрсетті. Сондай-ақ, павильон ішінде азық-түлік тауарлары қойылып, естелік сыйлықтар таратылды. Қонақтар Хайнанның мәдени мұраларын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетсек, Хайнань – Қытайдың оңтүстігінде орналасқан курортты аймақ. Бұл аймақ шипажайларының арқасында былтыр ел экономикасына 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартқан. Орталықта туризм, ауыл шаруашылығы салалары жақсы дамыған.