06 жел, 2024 сағат 10:53

Хауа анадан қазақ келініне дейін: Беташар туралы аңыз

Фото: Kyzylorda-news.kz

Бүгін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин беташар ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгенін сүйіншілеп хабарлады. Қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрінің әлем мұрасына енуі оның құндылығын арттырып, маңыздылығын айқындай түскендей. 

Беташар — жаңа келінге жаңа отбасының мүшелерін таныстырып, оның міндеттері мен әдеп нормаларын түсіндіретін тәрбиелік мәні жоғары салт екені баршаға мәлім. Бүгін біз ғасырлар бойы сақталып, қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған салттың қалыптасуына сеп болған аңызға тоқталайық дедік.

«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабының авторы Санжар Керімбай:

«Беташар салты – қазақта ғана бар таңғажайып құндылық. Таяз ойлы радикал діншіл болса беташарды: «Бұл Құран мен сүннетте жоқ. Пайғамбарға келіндері бұлай сәлем салмаған», – деп оп-оңай айналымнан шығарып тастайды. Орта ғасырдағы ғұламалар өз дәуірінде ондай надандыққа мүмкіндік бермеген. Бір ғана беташарды мәңгілікке сақтап қалу үшін оны Адам ата, Хауа ана аңызымен матап, халықтың санасына сіңірді», - дейді сұхбатында


Ол кітапта «Беташар» туралы аңызды былай сипаттаған:

Адам жәннатта жалғыз жүрмесін деп, Алла тағала оған жұп жаратуды ойға алады. Ұлық Алла Хауа ананың тәнін жасау үшін Адам ата ұйқыда жатқанда, оның сол жақ бұғана қабырғасын таңдайды. Себебі, Тәңірі тағала Адамның бұғана сүйегін жердің қиыршық тасы жоқ, ұлпа құмынан жаратыпты. Адам атаның ең нәзік, ең жұмсақ етінен жаралғандықтан, әйел адамның денесі мамықтай жұмсақ, мақтадай нәзік болыпты. Адамның сол жақ қабырға асты босап қалғандықтан, көкіректің ортасында тұрған ет жүрек босап қалған тарапқа қарай ойысады. Ет жүрек содан бастап, адамның сол жақ кеудесінің астында соғатын болыпты. Ерлі-зайыптылар ұйықтағанда әйел баласының ерінің сол жағына жататыны содан екен. Тіпті олар қандай да бір себеппен бөлек жату керек болса да әйелді қол созым қашықтықта ғана бөлек жатқызатын тәртіп қалыпты. Ерлі зайыптылар татулығы бұзылып, бөлек жата бастаса үйдің берекесі қашып, махаббаттары тез сөнеді екен. 

Адам ата ұйқыдан оянған соң аппақ жаулық жамылып отырған әдемі келіншекті көріп таңқалып: 

– Иә, Алла, мына ақ жаулық жамылған кім? – деп сұрайды. Ұлық Алла: 

– Бұл-Хауа ана. Сенің жан жарың, өмірлік серігің болады. Бар, жаулығын ашып, жүзін көр. Жарыңмен таныс, – деп бұйырады. 

– Ия, Алла, сен оны не үшін ақ жаулықпен жасырдың? - дейді. 

– Ібіліс деген қас дұшпаның бар емес пе? Ойлағаны саған тек қастық. Сол малғұнның теріс назары түсетін болса жас келіншегің кеселге ұшырауы мүмкін. Сол себепті жұбыңның ай дидарын ақ жаулықпен жасырдым. Осы амалым сенің де кейінгі ұрпағыңа салт болып жалғассын, – дейді. 

Адам ата адал жарына тақап барып, ақ желекті ашып, оның дидарына көз салады. Сол кезде екі беті иба мен ұяттан нарттай боп қызарып тұрған Хауа ана оң қолын оң тізесіне қойып, еріне бірінші рет иіліп сәлем етіпті. 
Адам ата Хауа ананың дидарын бір көргеннен-ақ ғашық боп қалады. Себебі Хауа ана айрықша сұлу еді.

Сипаттауға тіл жетпейтін. Себебі, Ұлық Алла бір тамшы нұрынан сұлулықты жаратты. Сосын оны 100-ге бөлді. Оның 99 бөлігін Хауаға дарытты. Қалған бір тамшыны тағы да жүзге бөлді. Оның 99 тамшысын алды да Жүсіп пайғамбардың рухына сыйлады. Одан артылған бір тамшыны тағы да жүзге ыдыратты. Оның тоқсан тоғыз тамшысын Хадиша анамызға, Айша анамызға, Бибі-Батима анамызға және Бибі Мәриямға теңдей етіп бөліп берді. Төрт анамыздан артылған бір тамшы нұрды алды да миллиардтаған сансыз зәрреге бөлді. Сосын есебіне жете алмайтын сұлулық сәулесін әуелден ақырға дейін келіп кететін күллі әйел затына шашып жіберді. Осылайша көркем бейне мен сұлу дидар Хауа ананың себебінен барлық әйелге нәсіп болды. Қыз келіншектердің ер адамға қарағанда ажарлы болатыны содан екен. 

Адам ата қолын созып қалыңдығын өзіне шақырады. Хауа ана иба сақтап кері шегінеді. Екінші рет шақырады. Хауа ана ұялып жақындамайды. Үшінші ретишара қылғанда, Хауа ана: 

– Көңілің болса өзің кел. Менің барғаным ұят болады, – дейді. 

Сол кезде Адам ата жарына өзі тақап барады. Әйелге ғашық болған ердің бірінші боп сөз салуы Адам атадан қалыпты. Әйел заты ер адамға қанша жерден ынтық болса да сезімін сыртқа шығара алмай қиналатыны Хауа анадан қалыпты. Әйел адамның осы ибасы кеткен кезде қиямет орнайды екен. 

Адам ата Хауаның қолынан ұстаған сәтте Ұлық Алла: 

– Әй, Адам қалыңдығыңның қалын малын төле, – деді. 

– Иә, Алла мен оған қалыңмалын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің, – деді. Сонда Тәңірі тағала: 

– Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарың, өзіңнің ұрпағың Мұхамбет пайғамбарға салауат айт, – деді де, салауат айтудың үлгісін Адам атаға өзі үйретті. Адам ата Мұхамбет пайғамбарға он рет салауат айтты. Содан бастап Мұхамбет пайғамбарға салауат айту парыз болыпты, ал қызға қалыңмал беру дәстүрі сүндет болыпты. Жебірейіл періште Адам ата Хауа ананың некесін қиып, екеуі үйленіпті.