02 шіл, 2018 сағат 08:34

Хандар құпиясы: Тыйым салынған дойбы

“Тыйым салынған дойбы” дегенді оқырман бірінші рет көріп отырған болар. “Тыйым салынған кітап”,  “тыйым салынған мекен”, “тыйым салынған жеміс” белгілі. Ал “тыйым салынған дойбы” деген қайдан шықты? Бұл - қызыл тілмен көркемдеу болмаса поэтикалық әсірелеу емес. Тыйым салынған дойбының бары рас.

Пәлсапаның жілігін шағып, майын ішкен данышпандар дойбыны екі түрге бөлген: текті дойбы, тексіз дойбы.

Күнделікті өмірде ойнап жүрген дойбы “тексіз дойбы” болып есептеледі. Ал “текті дойбы” дегеніміз тек қана хандар мен билер ойнайтын дойбы.Ойынның негізгі атауы «Қазақтың дана би дойбысы». Бірақ, кейіннен халыққа түсінікті болуы үшін арнайы «Хан дойбысы» деген атау берген.

Йә, бұл дойбынытек хандар ойнаған. Ал қара халықтан ойын ережесі құпия ұсталған. Себебі бұл ойынның барлық жүрісі мен қозғалысы хандықтың саясатына тікелей қатысты. Хандар мен билердің ұстанған саясаты, ел басқаруы, жаза қолдану, экономиканы көтеру мен соғыс ашу, бейбіт келісімге келу, көтеріліс жасау, төрелік ету бәрі – бәрі осы ойынға жинақталған.Сол себепті хандар бұл ойынды өте құпияда ұстады. Ел – жұртқа таралып кетуінен қорықты. Себебі бұл ойынның жүйесін біліп алған адам хандықтың қалай құрылып, қалай басқарылып отырғанын біліп алатын.

Бұл ойының шығу тарихы сонау үйсіндер заманынан бастау алады. Алматы облысы, Есік ауданында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Хан дойбысының піл сүйегінен ойып жасалған тастары табылған. Бір таң қаларлығы бұл тастардың бәрі қазақтың кәдімгі киіз үй пішінінде жасалуында.

«Алтау» дегені кім?

Ел арасында кең тараған «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген мақал бар. Бұл мақалды бәріміз тату тұрсақ бізді жау ала алмайды деп ұғамыз да, әрі қарай оның мағынасына бас қатырып жатпаймыз. “Төртеу түгел болса” дегені төрт құбыламыз тең болса дегені. Бұл түсінікті. Ал “алтау ала болса” дегені нені білдіреді? Неге жеті, неге сегіз емес? Не себепті “алты” саны қолданылып тұр. Бұл мақал ұйқасы келгесін айта салынған сөз емес. Алтау дегеніміз осы “Хан дойбысындағы” алты кейіпкер: Хан, Би, Бек, Алаш, Тентек, Қараша. 

Яғни, осы алтауы ала болмауы тиіс. Егер осы алтау бір – бірімен тату тұрмаса ел жаудың олжасына айналады. Бұл ойынның басты кейіпкері – Хан. Ол қарапайым дойбыдан әлдеқайда ерекше. Ойын тақтасы, кейіпкерлердің жүрісі мен ойынға тигізетін ықпалы да басқаша. Бұл ойынның логикасы шахматтан кем түспейді. Мұнда бір елдің саясаты, экономикасы, халықтың жағдайы, тентегі мен қараша жұрты түгелдей қамтылады. Олардың хандықта атқаратын өзіндік қызметі бар. Бір кейіпкер бір кейіпкердің рөлін атқара алмайды. Әрқайсысы өзіне міндеттелген ісін атқарады, оның шекарасынан шығып кетпейді.

Осы жерде бұл дойбының не себепті текті деп аталғанына тоқталып өтейік. Қарапайым дойбыда кез келген тас би болуға, хан атанып кетуіне мүмкіндігі бар. Сонымен қатар тексіз дойбыда барлық фигура бірдей, ешқандай айырмашылық жоқ.Ал бұл ойында қараша ешқашан хан атана алмайды, әркім ойын соңына дейін өзінің белгіленген функциясын атқарады. Қытай ақылманы Конфуцидің: патша – патша, әке – әке, бала – бала орнында болуы тиіс деген қағидасына ұқсас.

Ханның басты тұлға екенін айттық. Ойын тақтасында екі хандық майданға түседі. Бұл -  Ақедік және Көкедік хандықтары.Ханнан бастап қарашаға дейін тақта үстінде қиғашынан шеп құрады. Бұл ойын түсінген адамға қан төгістен гөрі парасат майданына жақын. Ханның екі жағында екі серігі болады. Оң жағында – серкесі, сол жағында қыран бүркіті. Хан тағының оң жақ бөлігінде халық орналасады. Билер, бектер, алаш, қараша, тентек рет - ретімен. Ел болған соң оның ішінде бұзығы мен түзігі де болатыны белгілі. Тентек осының мысалынан алынған фигура.

Хан дойбысының тексіз дойбыдан тағы бір айырмашылығы мұнда жау елін түгел жойып жібермейді. Жалпы саны 12 фигураның  6фигурасынан айырылса сол елдің ханы өзінің жеңілгенін мойындап, халық тізгінін бейбіт түрде жеңіпаз ханның қолына береді. Бұл соғыс кезінде халықты түгел қырып алмауға, істі барынша бейбіт түрде шешуге мүмкіндік береді. Мысалы өздерін шахматтың отаны санайтын Үндістанды алайық. Сол үнділердің ең мықты императоры Ашока соғыста қанша адамды қырып жібергеннен кейін өзін үлкен өкініште ұстады. Ең ақырында буддизм дінін қабылдап, рухани тазаруға ден қойды. Ал Хан дойбысын ойнаған Қасым, Хақназар, Тәуке хандарымыз ноғайлармен, моғолдармен соғыста үлкен шығындардан бас тарта отырып халықтың тең жартысын өзіне қосып алды, Сыр бойындағы қалалар өз еркімен берілді, Жетісу жері қазақтар қолына аз – аздан өтіп отырды. Мұның бәрі Хан дойбысындағы жүріс ережелері болатын. Оның құпия сақталуының тағы бір себебі осында.

Біздің өміріміз интеллектуалды ойын. Осындай дойбы түрін кеңірек насихаттап, дәріптемесек қай ел келіп біздің шырағымызды жағады? 2008 жыл ҚР Президентінің атына жазылған хаттан кейін қолдау білдіріліп,  ҚР Спорт және туризм министрлігінде қазақтың дәстүрлі ойыны болып танылды. Осыдан кейін ойын өткізуге, оны қолдауға көптеп қаржы бөлінуі керек еді. Алайда сол кезден бастап санасақ арада 10 жыл уақыт өтіпті. Бұйрық тек бұйрық күйінде қалып отыр.

Сайыс жеңіпаздарына құр темір медальдан гөрі қымыз құятын торсық, сегіз өрім қамшы, алмас кездік, оқалы бөрік сыйлап ұлттық өнерімізді тағы бір жаңғыртуға болар еді. “Рухани жаңғыру” туралы газет бетінен оқу керек емес. Шынай өмірде  “Рухани жаңғыру” керек...!

Жүсіпбек Рысбек