Қазақстанда барлық тіркеуден өткен тиімді, сапалы әрі қолжетімді вакцина жаппай вакциналауға жіберіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан халқына екпе салдыру науқаны жаппай басталған уақытта сауалнама жүргізіле ме? Яғни қай вакцинаны таңдайтыны сұрала ма?», - деп сұрады тілші Орталық коммуникациялар қызметіндегі бастасөз мәслихатында.
Өз кезегінде вице-министр бұл жағдай вакцинаның қолжетімдігіне байланысты екенін айтты.
«Егер ресейлік вакцина («Спутник V») жақсы өндіріске қойылса, сонымен қатар қазақстандық вакцина да жеткілікті болса, онда екпе салдыруға келген адамдардың өтінішін қарастыруымыз мүмкін. Қазіргі кезде қолжетімді вакцинаға байланысты екпе салдыру жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, көптеген елдер осы вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан біз барлық тіркеуден өткен тиімді, сапалы әрі қолжетімді вакцинаны салдырамыз», - деді Ажар Ғиният.
«Егер Pfizer компаниясының вакцинасы біздің елге келетін болса, толық тексерістен өтеді. Оның тиімділігі толық зерделенеді. Біздің елде бұл вакцина тіркеуден өтпеді», - деді ол.