Халықаралық паралимпиада комитетінің (ХПК) президенті Эндрю Парсонс коронавирусқа байланысты Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына бармайды. Бұл туралы ол өзінің Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирустық сынағым оң нәтиже бергендіктен Олимпиадаға қатыса алмайтыныма қатты өкінемін. Әзірше оқшауланған кезімде Паралимпиада ойындарына дайындыққа көңіл бөлемін және Олимпиаданы теледидардан қадағалайтын боламын. Барлық Олимпиадаға қатысушы спортшылар мен Халықаралық Олимпиада комитетіне сәттілік тілеймін», - деп атап өткен Парсонс өз жазбасында.
Парсонс 2017 жылы IPC президенті болды және 2021 жылы бұл лауазымға қайта сайланды. Ол 44 жаста, 2005-2009 жылдары Америка Паралимпиада комитетін басқарды, 2009-2017 жылдары Бразилия Паралимпиада комитетінің президенті болды.
Қысқы Олимпиада ойындары Бейжіңде 4-20 ақпан аралығында, ал Паралимпиада ойындары 4-13 наурыз аралығында өтеді.