Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген терең, ауқымды ойларды алға шығарды. Мақалада Елбасы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты тарауда ұлтымыздың мәдени-идеологиялық негіздерін пайымдап, екінші – «Тарихи сананы жаңғырту» атты тарауда ұлттық сананы жаңғырту мәселесінің практикалық шешімдерін ұсынады.
Елбасы өзінің мақаласында ұлттық сана, идеология мәселелерін пайымдауда мінсіз гуманистік, жалпы адамгершілік ұстанымды қолдайды. Сонымен қатар, Елбасы «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ, қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деп мәлімдейді.
Бұл ретте «кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі» екенін, «ақ» пен «қараның» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін ескере отырып, кеңістікті пайдалануда, кеңістікте өмір сүру жолында, кеңістікті бақылау жөніндегі еуразия халықтарының саяси-экономикалық тарихындағы кейбір тәжірибелерін атап, көрсетіп кеткен орынды секілді.
Ұлттың, халықтың өмірі белгілі бір кеңістікпен (территориямен), мемлекетпен байланысты екендігі белгілі. Қазақтың, жалпы түркі халықтарының ата-бабалары ежелгі заманнан бері мемлекет пен кеңістіктің бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екендігін білген. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылдың басында Мөде тәңірқұт ғұн тайпаларын біріктіріп қуат жинай бастайды. Көрші мемлекеттің елшілері тәңірқұттан мініп жүрген сәйгүлігін және тағы басқа құндылықтарды сыйлауды сұрайды. Мөденің кеңесшілері көрші елдің сұрағандарын бермеуді ұсынады. Мөде «көршілерден соларды аяймыз ба?» деп, сұрағандарының барлығын береді. Көрші мемлекеттің елшілері келесі жолы Мөдеден екі елдің арасында жатқан тақыр жерді сұрайды. Кеңесшілері «тақыр жерде шаруашылқ жүргізу икемсіз» деген сылтаумен көрші елге сұраған жерді беруге болатынан айтады. Мөде: «Жер мемлекеттің негізі, оны қалайша беруге болады?» - деп, жерді көрші мемлекетке беруге кеңес жасағандарды жазалайды. Тарихи деректерде келтірілген осы оқиға көшпенділердің мемлекет және кеңістік, территория және мемлекеттілік туралы ұғымдарының ежелгі заманда-ақ қалыптасқанын дәлелдейді.
Ғалымдар ұлттың, халықтың белгілі бір кеңістікте өмір сүріп, оны дұрыс пайдалана біліп, кеңістікті бақылай алу өнерін геосаясат немесе геостратегия деп атайды.
Геостратегиялық тәжірибе бұрынғы заманнан бері қалыптаса бастаған. Бұл тәжірибенің алғашқы көрінісіне идеология мен экономикалық бақылау орнату, ежелгі соғыс және саясат жүргізу өнерлерін жатқызуға болады. Бұлардың соңғысы ғылым мен техниканың дамуына қарамастан, өзінің ежелгі заманнан бері келе жатқан мазмұны мен әдісінен айырылған жоқ.
Біздің заманымыздан бұрынғы VІІІ-ІІІ ғғ. Ежелгі Қытайда «геосаясат» пен «геостратегия» негіздері бойынша көп деректер сақталған. Осы кезең аралығында «көк асты» империясы бытыраңқы жағдайда болып, бір-бірімен және басқа да елдермен соғысқан еді. Соғыс өнері бойынша жазылған «Суньцзы» және «Уцзы» (Соғыс заңдары) трактаттары кеңістікті бақылауға алудың бірқатар жолдарын көрсетеді.
Сунь-цзы мемлекет үшін ұлы істерді белгілеп, оның негізіне бес құбылысты жатқызады. Біріншісі – Жол, екіншісі – Аспан, үшіншісі – Жер, төртіншісі – Қолбасшы, бесіншісі – Заң.
Жол – ол елбасы ойы мен халықтың ойының бірдей болуына қол жеткізу, халықтың елбасымен бірге болуы, халықтың үрей мен күдік дегенді білмеуі екендігін негіздейді. Осыдан Сунь-цзының ел мен елбасы арасындағы ой мен мақсат бірлігінің маңыздылығын айту арқылы, бірінші орынға идеологиялық факторды шығарғанын байқаймыз. Бұл тек соғыс жағдайындағы бірлік дегенді білдірмейді, бұл сонымен қатар мемлекеттің күнделікті өміріндегі, белгілі бір мақсатқа жетудегі ең басты қажеттілік дегенді білдіреді. Ел мен елбасының ой тұтастығы жайында, оның мемлекет өмірінде алатын маңызды орнын түркі қағандарының өсиеттерінен де көруге болады. Күлтегін жырларында түркі билеушілері өз халқына, осыған орай келесі сөздерді өсиет ету арқылы ой мен мақсат бытыраңқылығынан сақтандырды: «…Аштықта тоқтықты түсінбейсің, Бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Соның үшін алдандың, Қағанның тілін алмадың…» және «…Соңындағы інілері қаған болған, Ұлдары да қаған болды. Соңындағы інісі ағасындай болмады, Ұлдары әкесіндей болмады…».
VІІІ ғ. идеологиялық және демографиялық фактор Орталық Азиядағы Көк түркілердің саяси өміріне ықпал жасап отырды. Көк түркілерінің билеушісі Білге қаған өзінің ордасын дуалмен қоршап, Будда мен Лаоцзыға шіркеу тұрғызып, отырықшылыққа көшу ниетін Тоныкөкке білдірген еді. Оның Қытайда өсіп, білім алған кеңесшісі – Тоныкөк: «Түркі елі Қытай халқының жүзден бір бөлігіне де теңеспейді: біздің оларға қарсы төтеп беруіміздің негізі аң аулап, мал бағуымызда. Көшпелі өмір сүріп, үнемі соғыс өнеріне жаттығуымызда. Күшті кезімізде соғысып, әлсіз шағымызда көшіп-қонып жүреміз. Сонымен қатар Будда мен Лаоцзының оқулары адамды жауынгер етпей, сезімшіл, бос қылады», – деп ақыл айтқан. Осы үзіндіден біз түркілердің идеологиялық және демографиялық факторы жағдайларының қала тұрғызуға және өмір құндылықтарын өзгертуге мүмкіндік бермегенін байқаймыз. Шынында да егер түркілер қала тұрғызып, отырықшы өмірге көшіп, Будда мен Лаоцзыға табынғанда, онда олар миллиондаған қытайлықтардың арасында жоғалып кетер еді. Бұл ретте түркілердің тарихи мұрагерлерінің бірі Қазақстан жағдайы ерекше болды.
Ғылым мен техниканың дамуына орай ел мен жерді қорғаудың әдіс-тәсілдері, негізгі жолдары өзгерді. Қазақстан тәуелсіздік жариялады. Ел астанасының солтүстікке көшіріліп, жаңа қаланың салынуында үлкен геосаяси мақсат жатты. Ол мақсаттың мәні бұрын геосаяси кеңістікте орын алған өзгерістердің барысын тоқтатып, Қазақстан мемлекеттігін нығайту, Қазақстан халқының оңтүстік пен солтүстіктегі демография арасалмағын реттеуді қамтамасыз ету болып табылады.
Соғыс өнері туралы трактат идеологиялық фактордан басқа – географиялық, экономикалық және саясат жүргізу мәселелерін қамтыды.
Мемлекет құрылымы мен геосаясатта маңызды орын алатын экономикалық факторға байланысты Сунь-цзы: «Егер сенде мың жеңіл және мың ауыр арба, жүз мың әскер болса және егер азықты мың шақырымға апару қажет болса, онда ішкі және сыртқы шығын… күніне мың алтынды құрайды… Соғыс кезінде мемлекет азықты алысқа таситындықтан кедейленеді. Азықты алысқа тасу қажет болғанда халық кедейленеді. Әскерге жақын орналасқандар қымбат сатады; ал олар қымбатқа сатқан соң, халықтың қаржысы азаяды; қаржысы азайғанда міндеткерліктерді (заңға бағындыру/бағыну) атқару қиын», – деп, экономикалық фактор мен мемлекетті басқару арасындағы тікелей байланысты көрсетеді. Ол соғысты пайда табу үшін күрес деп қарастырады: «Пайда табу дегеніміз – жеңіс», – деп, «жақсының жақсысы – жүз рет соғысып, жүз рет жеңу емес, жақсының жақсысы – бөтен әскерді соғыспай-ақ жеңу. Сондықтан ең жақсы соғыс – алдымен жаудың ой айласын талқандау, содан кейін оның одақтастарын, кейін – оның әскерлерін талқандау», – деп жалғастырады. Ежелгілердің осы сөздерінен біз ұлттың санасын (идеологиясын) жою, экономикалық бақылау орнату, ену арқылы соғыспай-ақ көздеген мақсатқа жетуге болатынын білгендерін аңғарамыз.
Осыған орай, мемлекеттің байлығын, экономикалық қуатын арттыру үшін Сунь-цзы: «…соғысты жүргізу тәртібі бойынша ең жақсысы – жаудың мемлекетін талқандамай сақтап қалу…», – керектігін жазады. Сондықтан Суньцзы: «Соғыс – жауды алдау жолы», – деп пайымдайды.
Экономикалық фактордың мемлекет өмірінде алатын шешуші орны жайында ғұндар мен түркілердің тарихынан анық көруге болады. Түркі елбасылары өздерінің өсиеттерінде бұл жағдайларға көп көңіл бөлді. Орхон ескерткіштерінің мәтініндегі: «Алтынды, күмісті, дақылды, жібекті соншама шексіз беріп жатқан табғаш халқының сөзі тәтті, бұйымы асыл еді. (Олар) тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты өзіне сонша жақындатар еді… Тәтті сөз, асыл дүниесіне алданып Түркі халқы, қырылдың, жойылдың», – деген сөздер осыны куәландырады.
Б.з.б. 160 жж. ғұндардың тәңірқұты Лаошан-Гиюй Қытаймен жақындасып, олардан көп жібек пен т.б. заттарды алып отырған болатын. Осыған байланысты оның кеңесшісі Юе: «Ғұндардың саны Қытайдың бір аймағында тұратын халықтың санымен теңесе алмайды, бірақ олардың қуаты киім мен тамағының ерекшелігінде және олардың осы заттар бойынша Қытайға тәуелді, кіріптар еместігінде. Ал қазір, Тәңірқұт, сен дәстүрді өзгертіп жатырсың және қытайдың заттарына қызығасың. Егер Қытай, өз заттарының оннан бір бөлігін ғана қолданатын болса, онда соңғы ғұнға дейін Хань әулетінің жағына өтер еді» – деп, экономикалық тәуелділіктің саяси тәуелділікке және мемлекеттік опат қаупін тудыратынын ескертіп: «Қытайдан жібек және қағаз маталарды алған соң, шеңгелдің арасымен жүгіріп, олардан жасалған киімдердің жүн мен былғарыдан жасалған киімге жетпейтінін көрсетіңдер. Қытайдан азық алғанда, оларды жемеңдер, оның орнына ірімшік пен сүтті қалайтындарыңды көрсетіңдер…» – дей отырып, қазіргі тілмен айтқанда, протекционистік шараларды қолдануға шақырды.
Ежелгі және Орта ғасырлардағы мемлекеттердің тарихынан экономика-лық стратегия мен географиялық фактор арасындағы байланыстарды ажыратуға болады.
Кеңістікті, мемлекетті басқаруда маңызды орын алатын фактор – саясат немесе саяси лидердің қызметі – туралы да Ежелгі және Орта замандағы тарихи деректерде мол мағлұматтар сақталған. Саясат жүргізу, саяси лидердің қызметі мемлекет құрылымындағы функцияларды реттеуде, функциялардың ішкі және өзара тұрақтылығын орнатуда үлкен роль атқарады. Саясат жаудың ой-айласын болжап білуге, оларға тосқауыл қоя алуға мүмкіндік береді әрі үлкен шеберлікті талап етеді.
Саяси шеберліктің бір көрінісіне келесі оқиғаны жатқызуға болады. Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жж. Мөде бастаған ғұндар күшейіп, қытай императоры Гау-ди олардан жеңіле берген соң, кеңесшілерінен ғұндарды қалай жоюдың амалын сұрайды. Сонда Гау-диге кеңесшісі: «Ел іші енді ғана орнықты. Осындай жағдайда ғұндарды қарулы күшпен бағындыру тым қиын… Алдияр, менің ақылымды алып, патшайымнан туған үлкен ханшаны мол жасаумен бүдүнге әйелдікке ұзатыңыз. Бүдүн тірі жүрсе, күйеу балаңыз ретінде өзіңізді сыйлар еді, өлсе, орнына жиеніңіз тәңірқұт (шаньюй) болып тағайындалар еді. Жиеннің нағашы атасымен үзеңгі қағысқаны қайда бар? Сөйтіп ғұндарды соғыссыз бағындыра алар едіңіз…», – деп ақыл берді. Ежелгі Қытай мемлекетіндегі тұрақсыздық жауды күшпен жеңуге мүмкіндік бермеген соң, саяси әдістер іске қосыла бастады.
Орта ғасырлардағы орыс князьдарының бірі Александр Невский Алтын Орда билеушілерімен туысқандық қатынас орнату арқылы орыстарға қауіп төндірген шведтер мен немістерді ойсырата жеңіп отырды. Ал жаңа кезеңдегі Герман империясының канцлері Отто фон Бисмарк өзінің естеліктерінде жоғарыда келтірілген жол бойынша Англияның Пруссия, ал кейінірек Герман саясатына тигізіп келген ықпалын былайша сипаттады: «Соғыс қимылдарын жүргізудегі қандай да бір өзгерістер лебі әдетте корольдан емес, бас штабтан немесе жоғарғы қолбасшы кронпринцтен шығатын. Бұл топтардың, адами тұрғыдан алғанда, олардың дос кейпіне бөленгенде, ағылшын ықпалына түскендігі түсінікті: кронпринцесса, Мольткенің марқұм әйелі, бас штаб бастығының әйелі … және бас штабтағы одан кейінгі ең беделді офицер фон Готбергтің әйелі – барлығы ағылшындар еді». Саясаттағы осы тәсілдің талай империялардың күйреп, пайда болуына түрткі болғаны белгілі.
Цинь дәуіріне дейінгі тарихи-әдеби шығармаға жататын «Го юй» (Патшалықтар сөзі) жазбаларында қыз ұзату және келін түсіру мәселесіне үлкен саяси мән берілгенін аңғаруға болады. Чжоу патшалығының сөздерінде: «Неке қию – опатқа немесе бақытқа әкелетін баспалдақтар болып табылады. Олар арқылы көтерілген кезде пайда үйге әкелінсе бақытқа қол жеткізіледі, егер пайданы басқалар көрсе, ол опатқа әкеледі» делінген.
Конфуций бойынша дипломатия өнерінің негізгі жағдайы мынада: «Көрші елдермен достықты істердегі адалдыққа негіздеп, қолдау керек; алыс елдермен адалдықты сөзбен білдіру қажет» – болды.
Кеңістікті бақылаудың (геостратегияның) алғашқы теориясы мен практикасы ежелгі Қытайда «цзун хэн» (б.з.б. ІV-ІІІ ғғ.) мектебінің ықпалымен қалыптасты деп атап өткен орынды. Осы мектептің аты геосаяси одақтың екі түріне орай шыққан деп жорамалдауға болады: «цзун» – тік одақ, демек, оңтүстік пен солтүстік арасында орналасқан хандықтардың одағы; «хэн» – көлденең, демек, шығыс пен батыс арасында орналасқан хандықтардың одағы. Бұл мектептің мақсаты билеушілерге сыртқы саясат бойынша кеңесшілерді, сарапшыларды дайындауға бағытталды. Осы мектептің түлектерін алғашқы геосаясатшылар деп айтсақ, қателеспейміз.
«Цзун хэн» мектебінің нұсқаулары «тік» және «көлбеу» одақтарды жасаудың теориялық негізін салды, ал философ Хань Фэйцзы (б.з.б. 223ж. қайтыс болған) бұл одақтарға сипаттама берді: «Цзун» одағы көптеген кішігірім хандықтарды біріктіріп, үлкен бір хандыққа соққы беруге бағытталады, ал «хэн» одағы үлкен, күшті бір хандыққа қызмет жасап, көптеген әлсіз хандықтарға соққы беруге бағытталады», – деген. Қазіргі кездегі әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте осындай одақтардың жоқ еместігін теріске шығара алмаймыз.
Саясат тиісті геосаяси талдау жасалынып, шешім қабылданған соң, белгілі бір геостратегияны жүзеге асыруға арналады. Сондықтан саясат немесе оның «ерекше» көрінісі – соғыс өнері – геостратегияның, сонымен қатар геосаясаттың құрамдас бөлігіне, олардың құралына жатады.
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосуда.
«Кеңістік» пен «уақыт» өлшемдері тұрғысынан алғанда қазіргі түркі мемлекеттері мен мемлекет ішіндегі құрылымдардың ахуалын, бытыраңқылығын ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Герман мемлекеттерінің жағдайымен ұқсатуға болады. Көрсетілген кезеңде Герман мемлекеттерінің саны көп болатын. Германдықтардың өздері «аспанда қанша жұлдыз болса, жерде сонша герман мемлекеттері бар» дейтін. Сонымен қатар, герман халықтарының сөйлеген тілдері де бір-біріне анық түсінікті болған жоқ. Бремен немістерінің тілін Баденнің немісі түсіне бермейтін. Вестфалиядағы немістердің тілін Саксонияның немістері түсінбейтін. Германияның саяси бытыраңқылығы, тіл бытыраңқылығымен ушыға түскен болатын. Осындай жағдай герман мемлекеттеріндегі білімді, көзі ашық адамдардың, ғалымдардың көкейін теспей қоймады. Сол уақытта Герман мемлекеттерінде қырыққа жуық университеттер қызмет жасайтын. Мысалы, сол кездерде Франция, Голландия мен Англияда бір-екі университет қана болатын. Герман университеттерінің ғалымдары герман халықтарын біріктіру мақсатымен жиналып, сол уақытта ортақ әдеби неміс тілін құрастырып шығарды. Бастапқы кезде әдеби неміс тілі қалалардағы университеттерде оқытылды. Қала тұрғындары бірте-бірте әдеби неміс тілінде сөйлей бастады. Феодалдық қатынастар ыдырап, қалалардың күшеюіне байланысты ғалымдар құрастырған әдеби неміс тілі ортақ герман халқының тіліне айналды. Осылайша ХҮІ-ХҮІІ ғғ. герман ғалымдары, ХІХ ғ. аяғында О. фон Бисмарктың басқаруымен Герман мемлекеттерінің түпкілікті бірігуіне қолайлы ахуал қалыптастырды.
Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Тарихи сананы жаңғырту» жобалары күллі түркі халықтарының санасының жаңаруына септігін тигізуі ықтимал.
Міне, осылайша кеңістікті бақылаудың ежелден келе жатқан құрамдас бөліктері – соғыс өнері, дипломатия, экономикалық бақылау және идеология – өздерінің өзектілігін жоғалтпай, қазіргі уақыттағы халықаралық саяси өмірде де көріністерін табуда.
Уақыт пен кеңістіктің жаңғырған көкжиегі тоғысқан кезде ұлттың жаңа тарихы басталмақ. Халқымыздың, мемлекетіміздің өмір сүру кеңістігі анықталып, нығаю үстінде. Ұлттық, халықтық деңгейде кеңістік мәселесі мемлекеттің территориясымен анықталып, өлшенеді. Жеке адамға қатысты алғандағы кеңістік мәселесі адамның жеке тұрғын үймен, баспанамен қамтамассыздандырылуымен анықталып өлшенуі тиіс екендігі құпия емес. Бұл ретте "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" Қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету және Отанға деген сезімді нығайту миссиясы кеңістігіміздің, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуды іске асыру мәселелерімен толық үндесуде.
Мемлекеттің халықты жеке тұрғынүймен қамтамассыздандыру бағдарламалары мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылады. Бұл саясатты іске асыруда «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» атқарып отырған қызметі зор. Қазақстан бойынша тұрғын үй алу мен салуға берілген несиелердің 3/1 бөлігі осы банкке тиесілі. Банк басшылығының ұсынысымен жүргізіліп жатқан несиелендіру бағдарламасының нәтижесінде әскери қызметкерлерді несиелендіру қолға алынды.
Банк халықты тұрғынүй алу үшін несиелендіруде ХҮІІІ ғасырдың соңында Германияда орын алған тәжірибені ескерді. Аталған уақытта Герман мемлекеттерінде шахтерлер тұратын мекендерде құрылыс жинақ кассалары (bausparkasse) пайда болған. Ол заманда үй құрылысына 10 мың марка қажет болса, ал баспаналы боламын деген адам жылына тек мың марка үнемдей алса, ол тек он жылдан кейін үйге қол жеткізе алады екен. Осындай жағдайда жинақ кассасы көмекке келген, яғни он адам жинаған ақшаларын кассаға салып, жыл сайын бір адамға үй алып отырған. Ең бірінші үй алған адам мың маркадан артық ақша салса, кейінгілері бұл сомадан аз көлемде ақша салып отырған. Демек үйді кейін алған адамдарға бұйырған артықшылықтың мәні үй бағасының арзан болуында жатты.
Қазіргі кезде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қазақстан бойынша ең төмен 4-5 пайызбен тұрғын үй алуға несие бере алатын бірден бір банк. Осындай төмен пайызбен несие бере алудың шарттары бар. Бұл шарттың негізінде үй алуға қажетті қаражатты жинақтаудың тәртібі мен стратегиясы жатыр. Ең басты шарт үй алам деген адамның қаржы жинақтаудағы тәртіптілігі. Егер белгілі бір адам 3 жылдан кем емес уақыт аралығында үй алуға қажетті соманың 50 пайыздан кем емес бөлігін жинаса, және ол қажетті соманы жүйелі түрде тұрғын үй жинақ кассасына салып отырса онда ол 4-5 пайзбен несие алу мүмкіндігіне ие болады.
Жоғарыда келтірілген тарихи мысалдардан тұрғын үй алу үшін келесі стратегияны ұстанған дұрыс деп қорытындылай аламыз. Отбасын құрғанда пайда үйге әкелінуі тиіс: тұтыну кредиттері арқылы смартфон, телевизор және тағы басқа заттарды алуды қысқартып, қаражатты тұрғын үй алуға жинап, жұмылдыру қажет.
Жанғали Дәдебаев
саяси ғылымдар кандидаты, қаржыгер