13 мау, 2019 сағат 13:47

Кеңістіктің ізгілік теңдеуі

Болмыс пен тәрбие қалыбы туралы әңгімелеу не болмаса осы тақырыптар жөнінде тыңдарман болу бәрімізге қызықты. Бірде көзқарастары қарама-қайшы адамдардың ортасында болдым. Екі полюстің диалогына куә болдым. Соны тарқатайын. Материя мен уақыт кеңістіктің ішінде қозғалады, басқаша болуы мүмкін емес дегенді диалектикалық материализмнен жаттап алғаным бар еді. Түсінбеген соң жаттап алғаным ғой. Жалпы ғылым бір тұтас. Қай ғылымды ал ғаламдық, ұлттық проблемаларды қаузайды. Түсіндіру мен түсіну оңай болсынға келтіріп адамзат баласы бір тұтастықты түрлі салалы ғылымға бөліп алған. Шешілмеген ғаламдық проблемалармен айналысқан, айналысып жатқан көзілдірікті оқымыстылар қаншама.

Классикалық математикалық теңдеулердің  жер мен көктен  адамзатқа келер ырыстың  арнасына айналғаны қашан. Теңдеу туралы әңгіме айтпас бұрын теңдеу дегенімізге тоқтала кетейік. Жүгіне қарай нары демекші теңдеудің қарапайым түсінігінен бастайық. Мысалы: 6х-12=6 теңдеуін шешу дегеніміз белгісіздің орнына  мән тек қана бір мән қойғанда теңдік тура болатын белгісіздің мәнін табу немесе жүкті бір салмаққа келтіру болып табылады. Сол мәнді табу теңдеуді шешу делінеді. Белгісіз шаманың анықталу облысы, құдайдың шексіз мың миллион мәнін қабылдайды. Ал сол шексіз мың миллион санның ішінде теңдеудің бір түйір түбір-шешімі жасырынып жатыр. Үстірт жазығына лақтырылған инені көрмеген адамның сол жазықтан ине іздеуіндей, сол бір санды математикадан хабары жоқ адамның іздеуі де сондай болмақ. Ол сан, координаталық түзу бойымен санақ басынан оң да үш өлшем бірлік кесіндінің ұзындығындай жерде жатыр. Ғылымда проблема бар оны математикалық моделдеп  шешу бар.

Ғаламдық математикалық  жеті проблеманың  біреуін шешкен орыс ғалымы  ұсынылған  мың миллион сый ақыдан бас тартты. Осы қылығымен Гриша екі бірдей теңдеуді шешті. Біздер күнделікті тұрмыста заңдылықтар мен теңдеулерге бетпе бет келгенде оның шешімінің  классикалық  шешу жолдарына бас ауыртпай  тастай саламыз. Не қате болса да, сауатсыздық деңгейіне қараңғылық тұңғиығына тартатын болса да өз пайымымызда қаламыз. Осындай ойлардың ұшқыны  мені жазғырып жүргенде осындай проблемалы теңдеуді шешу және анау мынау емес гуманитарлық ізгілік теңдеуінің шешілуі туралы  хал қадырымша баяндамақпын. Ал, хош деңіз...

***

Биыл қыс қатты болады. 1959 жылғы жұтқа 60 жыл, жалқы түйені боталы түйеге сойып беретін 1969 жылдың қара суық қысына 50 жыл толады. Қыс шанаңды жаз сайла деп білетіндер әріден дабыл қаққан. Қала, кент тұрғындарының көгілдір отыны келіп тұр, күрілдеген ошағы суырып  тартып тұр. Бұрасаңыз құлағын ағызатын бұлағын шүмекке ауыз су келіп тұр. Іліктір жарығы өз алдына. Осы елде атам заманының көзімен қарағанда бәрі бар, тек ертегіде айтылатын «Піс қазаным» мен арамтамақтар мен жемқорларды қуалап жүріп ұрып өлтіретін «ұр тоқпаққа» қолдары жетпей отыр. Ол да бір күні болар, әсілі ертегіде айтылғандардың барлығы алдымыздан шыға келіп жүр ғой. Қан қысымы 105, 42, 70-ке түсіп кеткен адамдай ауысып сөйлеп кеттім бе? Қыс қатты болады деген жылдың қаңтарының бел ортасында ай қораланды. Ай қораланса күн жайсыздау болатынын үлкендерден естіп өстік. Айдың қоралануымен  әлдебір табиғи құбылыс дәл келді де айдың сәулесінен ірік-ірік бұлттарға түрлі түсті сәулелі концентрлі шеңберлі сақина салуға әлде бір шебер әуестеніп 40 минуттай уақытын жұмсап «піс қазаным» жоқ кент тұрғындарына мастер класс өткізді.

Табиғат суретшісінің бояуы сорғаламайтын әлдебір қылқаламмен салған суреттері мен көріністеріне таң-тамаша қалған кент тұрғындары көшеге шықты. Түнгі мезгілі екенін ай қораланған мезгіл ай ортасынан ауа болатынын айттым ғой. Түнгі уақытта, қыстың көзі қырауда тұрғындардың бұлай көшеге шығуы болмайды деседе болады. Ұмытпасам өткен бір-екі жылдықта тауық  жылы болуы керек газ құбырына үйдің жылыту қазандығын жалғаймын деп жүріп көршімнің бірі бүкіл газ аймақты аяғынан тік тұрғызған авария кезінде осылай көшеге шығып еді. Алла тағала көршіден мені жарылқаған.

Түркменбашы Сапармұрад Ниязовтың «Рухнама» кітабында қымбат үйлердің көршілері жақсы болатыны баяндалады. Егер сататын болсам үйімді қымбатқа бағаламаймын, бірақ көршілерімді қымбатқа бағалаймын. О дүниеде көршілеріңмен қандай болдың деп сұрайды дейді ғой. Көршілерімнен хабар берейін. «Ағайынға қадірсізбін күнде бетімді көреді, қатынға қадірсізбін күнде етімді көреді» дейтін алашқа абыройлы шалдар көршілері туралы алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық дейді.

Үнемі алқын-жұлқын  жүріп қоқыстардан  темір іздейтін, тапқан тиын тебеніне ұрттап алса тілі ащы қатынымен төбелесетін, көршілерінен ештемесін аямайтын  көршілерінің бәрін  «ақсақал» деп атайтын Барақтың өзі неге тұрады. Даладай алқам-салқам ер көңілді, университетке оқу ақысын төлей алмай шығып кеткен, жоғары оқу бітіру арманым дейтін әңгімешіл Сәулебайдың «көрші деп айтпаңдар, «көрші»» деп көр қазатындарды атайды қоңсы-қобаны сыбай атаң деп сөз тергейтіні неге тұрады. Арақтан ауызы босамайтын, көше балалары военный адам атандырған Мұрат ағамыз көшеміздің маягы іспетті. Военный адам Мұраттың көршісімін десең шамалы адам адресіңді тап басады. Тауарды қымбатқа сатайық деген бала-шағасына ашуланып, көршілерден ұят болады деп, көршілеріне бола дүкенін өртеп жібере жаздаған Естемісті ер демей көр? «Қалаулым» бағдарламасын  көрмесем болмайды деп, төркініне кетіп  қалған келінін облыстық газетке жазып тәрбиелеп алған  Ғаниды  мінезді демей көріңіз. Өз итінен өзі қорқатын, иті аулада бос жүрсе бала-шағасына итін байлатып барып кіріп шығатын бала мінез Ырысбайды қалай жамандарсың. Жұмыртқадан жүн қырыққан тызаңдаған, балалары тәрбиелі, пысық, құран сауаты бар Кенжебай таксисттің сәлемінің өзі қымбат емеспе? Негізі бірінші тілге алатын іргелес күйші Дариябай сыбайым еді. Басқа көршілерім тасасында қалып қоймасын деп әдейілеп соңында таныстырып отырмын. Әңгіме осы көршімнің от басынан басталғалы отыр. Ал, енді созбайын.

***

Қырықтан асқан шағында өнер қонған Дариябай мінезге бай. Таң алдында өң  мен түстің арасында Дариябайдың қолына ақ сақалды аппақ киінген қарт қыл қобыз ұстатып кеткен. Өзі Қорқыт ата дейді. Бала күнінен бері суымаған өнерге ынтасына бола Алланың ықыласы түсіп жарылқағаны да. Өнер көңілдің адалдығына құлайды-ау деймін. Ағынан жарылып жүретін  көршім бала сияқты.  Ол бүкір қобызын арқалап екі-үш күнге біржаққа барып келеді. Кейде түн ортасы ауғанша қыл қобызын қасқырша ұлытып, ақ қуша қанатымен су сабалатып, қиқулатып, қобыз сарынын аңыратып отырып алады. Алматыға құдалыққа барған жерінде  қыл қобызын аңыратқанда мен деген музыка зерттеушілері келіп рюмке соғыстырды деп отыратын. Тыңдарманын күй мен матап кетеді. Дүниенің жалғандығын мұңлы бір иірімдермен жеткізеді. Ана күйші былай тартады, мына күйші былай тартады деп тап басады. Бір күйді ұзақ ойнағанда түн түнереді. Көрші қолаң той-томалағын бергенде міндетті түрде Дариябай қыл қобызын аңыратады. Дариябайды кейде жын буа ма кемпірін боқтап шыға келеді. Бір қарасаң жарқылдап кемпірімен тойдан келе жатады. Бір қарасаң кемпірі екеуі шүңкілдесіп концерттен келе жатады. Бір қарасаң жоқ ондайда қарамай-ақ кемпіріне зілдей сөздер айтып шешеден тілдеп буынып қалады. Дариябай жұрт сияқты жасырынып ұрыспайды көшеде ме тал түс пе  көлікте ме қарамайды. Боқтықты сықпыртады. Жұрт боқтанбайды емес боқтанады ғой, бұндайда дауысымды ел естімесін деп қымтанады ғой. Дариябайдікі жариялылық, кемпірі қымтанса бұл есік терезені ашып тастайды. Ай толысқан күні, ай қораланған түнде Дариябай буынып жатыр екен. Әдеттегісінше даусын алты қырдан асыра: -Әй, шешеңді... қараспанды қапылтасыңда отырасың, кітапта тұрған не бар дейді кейіпкеріміз.

- Әй! Шешемнің аруағы атқыр. Екі сөзінің бірі асылып өлген, өзін-өзі суға лақтырған, өзін-өзі атқан адамдар туралы айтады. Сөздері әрпіл-тәрпіл. «Құрт қобызыңды. Жүрек ауру болатын болдым,» - дейді жеңгеміз. Бәрі жартылай ашық есіктен ап-анық естіліп тұр. Ауа сондай мөлдір тербеліс заңына сәйкес көшеден әрі асырып тұр.

- Ай, бала! не айтып жүрсің. Бұрнағы жылы «Синий кит» оқуын оқып көк киттің үстіне мініп тұрған суретіңді көріп шешең өліп қала жаздады. Шешеңді аясайшы. Шешеңнің не жазығы бар. Өлу керек екен деп өле берсе жер бетінде адам қала ма, Алланың аманатына қиянат жасаған жаны қастардың жаназасын шығармай бөлек  көметінін білмейсің бе», - деп Дариябай әңгіме ауанын баласына қарата бұрды. Дариябайдың жиырма-жиырма бірлерге келген баласы Ақтөбеде оқиды.Не оқу десең аудармашы дейді. Дариябайдың баласы қалам ұстап өлең жазған болып жүретін. Ашық алаңда доп теуіп ойнайтынын көршілері көретін. Кемпірі екеуінікі үйреншікті ғой, баласынікі не жорық деп көршілер болып құлақ түре-түре қалдық.

- Алла шын шығар, жаратушы болуы керек шығар, бірақ пайғамбарлар өтірік, бәрі ойдан шығарылған, Еврейлердің ойластырғаны. Сіздер өмір сүрудің  мәнін білмейсіңдер. Жыл бойы тырбынасыңдар демалуды білмейсіңдер. Өмірдің мәнін ақша табу деп білесіңдер, - деді Дариябайдың оқымысты баласы.

- Астапыралла, Астапыралла дінсіз болма. Хақ дінді ұстанушы Мұхаммедтің үмметі екенімізді жадыңнан шығарма балам - деді Дариябай.

- Ауылға келсем екеуіңіз неге маған тиісе бересіңдер. Кетем ғой ертең. Көпсініп жүргендерің ай сайын салып тұрған ақшаларың ба? Ертең оқуымды бітіргесін кредит алып сендерге беремін. Бір мен емес бауыр-дос жігіттердің бәрі солай жасайды. Қарыз деп біліңдер. Маған тәуелсіздік керек, материалдық және рухани тәуелсіздік, парасат пайымы төмен адамдар өмірлік мәнді түсіне алмайтын болған соң діннен іздейді. Дін ойдан құрастырылған. Оны сіздер түсінбейсіздер деп оқымысты бала сырт киімін киіп есікті сырттан жауып тысқа шықты.

Айлы түндегі табиғат құбылысын тамашалап тұрғандар өздерінен өздері қысылғандай оқымысты балаға төменшіктей қарады. Көрші ақысы бір-біріңе қарлығаш достықта өтеледі. Соны көкейіне мықтап түйген Кенжебай, көршілігімді жасайын, Алланың разылығы үшін мына жігітті райынан қайтаруға тырысып көрейін деген ой жылт ете қалды. Кенжебай қанша дегенмен молданың баласы ғой. Иманды болсын әкесі: көршің мен тату бол. Көршіңнің жетпесін жеткіз, бітпесін бітір, қисығы болса түзе. Алла көріп біліп тұр. Алла алдында адам алдында абыройың артады дейтін. Арыны басылды-ау, сабасына түсті-ау деген шамада Кенжебай:

- Студент бала! Дебат ұйымдастырсам қатысушы боласың ба? - деді.

Үйдегі айқайды жұрт естігенін сезіп тұрған студент, бірден шиыршық ата:

- Төбелес болса шығайын, арзан сөзге уақытымды текке өлтірмеймін - деді.

Кенжебай - молданың баласы. Адасқанды жолға салудың, жетпесті жеткізгеннің сауабы ұшан теңіз екенін құлағына құйып өсті. Әділетсіздік көрсең қолыңмен түзе, түзеу қолыңнан келмесе тіліңмен түзе, ондада болмаса жүрегіңмен қарсылық жаса дейтін ізгілік қағидаты.

- Арзан сөз болғанда, сені анау-мынауға емес университет бітірем деп  шашы сұйылған кітап жазам деп қоңы жұқарған қасқа басқа салайын - деп отырмын. Өзіңе жақсы болады дегенді Кенжебай қосып қойды. Тулап тұрған тарпаң мінез студент көршінің ұсынысын не қылсын деген пікірде едік. Студент сәл ойланыңқырап "ол қашан болады?" деді. Ертеңгі сенбі күні бізің үйде. Университетте мұғалім нағашымды шақырамын.

- А, мұғалім бе, ғылыми атағы барма? - деді студент. 

Өзіне сенімді емес екенін  студенттің жиырыла қалған маңдайы, тайғанақтап кеткен көзі бозаң тартқан жүзі айтып берді. Түн мезгілі  болсада  еріксіз біреудің ықпалында кетіп өзін жоғалтып алған адамның кейпін таныған көршілер студентті аяп кетті. Атейс не пантейстер мұрындық өткізіп алған студент - тәжірибесіз, жорушысы не десе сол болар әлі жорылмаған түстей өз мені әлі тумаған бозбала еді. Ақшасы түгесіліп ашыққан  жолаушыдай кім пейіл танытса соның ығына жығылып, жағын жақтап , қапшығын арқалап машинасын жуып, сусынын құйып жүрген ыңғайтөк болар кез емес пе? Осы кезде ұры-қарының ырқына кетсе бандит, оқымыстының ырқына кетсе оқымысты болып шыға келеді. Бірақ қой екеш қойдың да қырық қайыруы болады деген оқудың түмен бабы бар қисапсыз бағыты бар. Аңдамаса болмайды. Сақтансаң сақтаймын деген.

Талайлар олай боламын, бұлай боламын деп жүргенде ішкіш алқаш не қайыршы, не алаяқ  болып шыға келгені өз менінің әлсіздігі емей не? Оң солын танымаған студент жыр құмар, қыз құмар кілең үш-төрттен қатын айырған  ортада тыныстайтын. Өзі іздеп тапқан жоқ. Студентті өздері тапты. Оқуы солай. Кісінің аузына қараған біреудің көңіліне қарайды деген. Ата-ананың көңіліне қараса мейлі дерсің. Ата-ананы артта қалған көреді. Төрт жылдан бергі ортасы өзгертіп жіберген студенттің  ортасына  тілден байланса да ділі мықтап байлана қойған жоқ болатын. Өмірде жолы бола қоймаған жандар айналасына үнемі жылауық бірдеме бүркіп тұрады ғой. Өзгеден жылу іздегенмен өздерінен жылу бөліп бере алмайтын ортаның әсері, еңбекке жалқаулығы, кітапқа құмарлығы сіңісті болған студент  келсең-келге нар тәуекел ете алмай: - қажет емес деді студент.

- Сөз сайысы емес, сұхбат болса келер ме едің - деді Кенжебай. Сенбі күні шаруаларым бар еді, - деп студент шынымен қашуға айналды. Студент көп үйірсектейтін темір жинаушы Барақ: - Студентбай тартынба, жеңілмейсің, берілме. Бойың жеңілдеп тазарып қаласың - деді. Қит етсе  қатынымен ұрысып жаман үйреніп қалған Барақ дебат дегенді қатын ұрыс деп ойлап көңіл күркедегі былапытты шығарып тастау деп түсінсе керек. Барақ мас болуды ми тазару, төбелес-жанжалды жан тазару деп түсіндіреді. Өзі соған әбден лайықталып алған.

- Нар тәуекел, темірді кувалдымен соққандай соққы сөз дайында деп Барақ тағы үйірді. Қосақ арасында кетіп жүрген студент одан аса алмай "жарайды" деді.                                

***

Сенбі күні де келді. Сенбінің кеші болды. Тызаңдаған Кенжебай машинаны ерте қаңтарып тастаған. Үйіне жүз кіріп жүз шығып жүр. Шай келді студент жоқ. Шай ішілді. Студент жоқ. Шайдың батасы жасалды студент жоқ. Тызаңдаған Кенжебай студенттің  ұялы телофонына  кемі 50 рет соққан шығар, телефон  отключень...

Көршілер қонақты тыңдап отыр. Әңгімесі дұрыс. Теледидардан көріп жүрген адам екен. Шамалыны теледидар экранға шығар ма? Оқытушы ғалым деуден көре К-700 тракторына  әлде Камаз жүк машинасын жүргізуге лайық  жуан қарын бадырақ көз төбедей болып отыратын кісі екен. Қонақ есіп отыр. Пәтуа айтқанда  иығын қомдап алып қолын алдыға жартылай созып сұқ саусағымен ауаға жазғандай етіп нүкте қойып отыратын дағдысы бар екен. Саққа жүгіне отырып әңгімеге ұйыған тыңдармандарын көзге шұқығандай сұқ саусағымен ауаға үтір белгісін салудың ишарасын жасап айналасына көзінің астымен барлап алады екен.

- Аға, деді көрші демей сыбай деп атаңдар деп жүретін Сәулебай: - Мен вахтада істеймін. Намаз оқитын жігіттер түрліше оқиды. Кейбір намазхандар ас ішіліп болған соң ас қайырмайды бұған шариғат қағидасы не дейді? - деп  сұрады.

Түбірінен қопарып ұлтаннан бастайтын  дегендегі оң қолын 30  градусқа жоғары көтеру дағдысымен  тыңдармандарды ұйытудың  алғы шарты жасап алды да, Ей! ағайындар. Адам маймылдан жаратылды дегенге иландық па? Иландық. Ал маймылдың мақсаты не? Адамның мақсаты не дегенге бас қатырмадық. Қайталап айтамын, адамдар маймылдардың  эволюциялық дамуының жемісі деп түсіндіргендер, адам неден жаратылды дегенге бас қатырады да адамды  жаратқандағы Жаратушының  мақсаты не? Екінші проблеманы ойламаған да деп ауаға үтірін қойып алды да айналасына барлай көз салып алып сөзін жалғады. Бізге көрінетін, көзге көрінбейтін жанды-жансыз заттарды жаратқанда Жаратушы оларға белгілі бір миссия жүктейді. Адамды көркем етіп, ұлық етіп жаратқанда жерге иелік етсін деп жаратқан. Жаратушысын тануды мақсат етіп жаратқан. Адамның мақсаты бұл жалғанда құдайға құлшылық ету. Адам тәннен және жаннан тұрады. Тән азығы ішіп-жем. Материалдық байлыққа тәуелділік. Жан азығы білім, ғылым, музыка және Аллаға құлшылық. Тән қалауына беріліп жан қалауынан ажыралу - қасірет. Жан қалауы рухани байлық деп материалдық байлықтың шүкіршілік деңгейіненде баз кешу ол да болмайды. Алла нығметін орнымен қолдану керек. Намаз мәселесіне келелік, - деп сұқ саусағымен ауаға үтірін салып алдыда көзінің астымен тыңдармандарына барлай қарады. Тыңдарман ұйып отыр. Ұйымай қайтсын, кредитке екі-үш жерінен байланған тұрғындар күнімен еңбектенеді, шаршап келгесін сериал қарауға да мұршасы жоқ жастыққа басы тиер-тиместен ұйықтап қалады. Ақ-қараның ара жігін ашып айтар осындай молдалар болмаса дейді іштей. Бұл қонағымыз университет оқытушысы болса да молда деп білді көршілер.

Осы кезде студентті сүйрелеп алып келгендей Барақ келді. Қаратауды айырғандай алқынып келді де аяқ жаққа студентті отырғызды, өзі де студентке дастарханның төр жағында студентке қарсы қарап отырды. 

Пайғамбар қолдан жасалған діни кітаптар яһудилардың ойдан құрастырғандары, дін дамуды тежейді, ғылыми революция жасағандар атейстер, дін мен ғылым қарсы. Ақын ібілістің нөкері. Қоғамға революция керек. Салт-дәстүр ескіліктің сарқыты, ырым-тыйымдар қараңғылықтың жоралғылары. Онысымен қоймай «Абай ескірген күні, қазаққа ес кіреді». Адам ата дегеніміз молекула Хауа ана дегеніміз де жаратылыстың бастапқылары қараңғы адамдарға түсінікті болсын деп әуелде солай түсіндірген. Әдебиет жасағандардың дені өздеріне өздері қол жұмсаған. Шетел әдебиетін қазақ әдебиеті қайталайды, - деп уағыз айтып жүретінін бірі біліп бірі білмейтін көршілеріне парасат биігінен қарап студдент отыр. Әңгіме бөлінді. Әңгімесін жалғамаққа қонақ ыңғайлана беріп еді. Қақ төрде отырған сары өңді, үй иесінің бөлесі: - Тақсыр, лұқсат болса бір сауалым бар деді.

- Қойыңыз, қойыңыз шамам жеткенше жауап берейін, шамам жетпесе ренжімейсің ағайын, - деді кіші пейілділік танытқан университет оқытушысы.

- Жиенім, Шетпе жақтан бір діндарға шәкірт болып па, пірге қол берген болып па біз түсінбейтін жоралғы тауып алды. Өнер ашты. Істі болып, кесігін өтеп келген  пірадарын ұстаз деп атайды. Жездем - баламның ұстазы келеді екен ішінде бол дегенге бардым. Қой сойылып, қазан көтеріліп ұстаз келеді деп күтініп отырғанда ұстаздың өзі салт келді. Немістің СС описеріндей қақшиған, көзі өңменіңді тесіп жіберердей үстіне бір түйір тозаң қондырмайтын, шалбарының қыры пышақтың жүзі сияқты санды сойып кетейін деп тұр. Ұстаз сұсты әрі сыпа кісі екен. Хош келдіңіз, мал-жан аман ба деп бола бере жиенге оң аяғындағы бәтеңкесінің тұмсығын көрсетті. Жиен де қалбалақтап әдейі дайындап қойған болуы керек майлықтың қарамындай көк мақпалмен  оң аяғының бәтеңкесін сүртті, сол аяғының бәтеңкесінің тұмсығын көрсетіп еді сол аяғының бәтеңкесін сүртті. Табалдырықтан аттай бере жиенге оң аяғын, сол аяғын  созып аяқ киімін шештірді. Дастарханнан ауыз тиді де қойды. Онда да жиен күлше нанды қос қолдап ұстап, ұстазға иіліп аса құрметпен: дәмнен ауыз тиіңіз, - деді. Егер ұстаз, қойны-қоншыңа динамит толтырып алда бәлен елге барып жарылып өл десе қас қақпай өлетін. Көрші-қолаң, жекжат-жүряттың алдында жиенге: «сен менің бағыныштымсың вассалымсың, армияда айтылатындай щеголымсың дегенін ишара мен ұқтырып көптің алдында жиенге онысын дәлелдетіп  мен көрмеген жоралғы жасатт. Ұстаз деген ұлағатты ісімен дараланушы еді. Көптің алдында жездем жер болды да қалды. Отыз жылдан бері өз баласынан мұндай құрмет көрмек түгілі айтқанын тыңдата алмайды. Бұрынғы, бұрынғы намаз оқымайсыңдар, кәпірсіңдер деп әке-шешесін тілдейтінді шығарған ұлы қайдағы жайдағының М.Шахановша айтсақ туфлиін жалап жүр. Осы баланың жүрісі не жүріс деді үй иесінің бөлесі.

- Өкінішке орай, ағайын арасында осындай жәйттер кездесіп қалады. Көз көрмеген соң пәтуа айту қиын деп сырғытып өте кетуге тыңдарманнан қаймықты-ау деймін. Осыған ұқсас бір оқиғаны айтып сыдыртып өте шықты. Бір ағайыны көлік жүргізетін куәлігін алдырып алады. Алты айға  ма, жыл жарымға ма көлік жүргізуге хұқы болмай қалады. Нәпақасын таксиден ажыратып отырған ағайын ашығады. Бала-шаға торығады. Амалсыздан бұрын сотталған сол жақтан діндар болып келген пірадардан көмек сұрайды. Пірәдар, менімен жүр дейді. Басыңды ауыртып не керек, жыл жарымға кеткен жүргізушілік куәлігі сағат жарым болмай қолына тиген ағайынға пірадардың сөзі өтпегенде бәтеңкесін тазалатпағанда кім тазалатады? Әрине өкінішті. Ата-анаға кәпірсің деуі өзін арамға шығаруы. Тілін кәлимаға келтірген мұсылман санатында болып есептеледі, ал мұсылмандықтың шарттарын орындамағаны бұл өз алдына мәселе. Әке-шешеңді кәпірсіңдер деп ғайбаттауға болмайды. Жоғарыдағы жағдайдайллар ағайын арасында болып тұрады. Өкінішке орай ағайындарға түсінік жұмыстары аз жүргізілгенінен деп білу керек.

- Ұстаздың аяқ киімін тазалатуы дұрыс па әлде дұрыс  емес пе? Сұрағыма қанағаттанайын деді әлгінде сұрақ қойған осы үйдің бөлесі.

- Мен талай шәкірт шығарған ұстазбын, еш уақытта шәкіртімді көпшіліктің алдында қорлап аяқ сүрткізген адам емеспін. Құманға жылы су құйып беріп кішілік ілтипатын білдіруге болады. Осы үйде мені құрметтеп отыр ғой, құрмет көрсетуде белгілі бір шектен аспауы керек ағайындар, - деді профессор.

Өз бетімен логикасын дамытып жүрген студент тұманды ойларынан арыла алмай отыр. «Қонақтың сөз саптасынан жаныңды ауыртпайтын жылылылық жылылық емес-ау, жылысу жуастық шындықтың жүзіне тура қарауға  тайғанақтық жалпы принцпсіздік ұстанымды адами қалып байқағандай болы. Айтысқа загатовкаға тойып алып шығатын айтыскерше ютубқа тойып алып сөз құрап пікір айтып отырған адам ғой деп топшылады. Қырымның қошқарындай сойы бөлек студент ортадан киіп кетейін деді ме? Әлде сірә ырғасу үшін икеліп отырмын деді ме кім білсін.

- Ағалар, мен бір ойды індете алмай дал болып жүрмін, сол ойымды ортаға салсам, ғалым ағадан жауабына қансам пәтуа-тоқтам деген осы емес пе?

Менің ойым: «Қоғам үнемі даму үстінде. Дамусыз қоғам ағынсыз су мен тең. Дамудың қозғаушы күштері интелегенция өкілдері. Осы интелегенцияның ой айшықтарынан еркін ойлылықтың лебі еседі. Сен мейлің сенбе ғылыми теориялық революцияларды атейстер жасаған. Дін мен дәстүр еркін ойлылықты тежейді» дейді. «Бұған қалай қарайсыз?» - деп студент қонақты басқа бір іздің соңына түсірді. Қонақ саспады.

- Ағайындар, қазір төртінші технологиялық революция жасанда интелект кезеңінде өмір сүріп жатырмыз, - деп ауаға үтір белгісін қойып алдыда сөзін жалғады. Жер бетінде бірінші технологиялық революцияны жасаған адам баласы ол Нухы пайғамбар. Бумен жүретін кемені жасауды Жебірейіл періште арқылы үйреткен Жаратқан Алла тағала. Бұған толып жатқан ыспат дәлелдеріміз бар. Ал, еркін ойлылыққа келсек олар белгілі бір заңдылықты ашады. Бұл заңдылықтар  сыртқы дүниені болсын ішкі дүние болсын қозғалысқа келтіріп тұрған заңдылықтарды көре білген И.Ньютон болсын А.Эинштейн болсын керемет жасаған жоқ, сол Алла тағала жасаған кереметті көріп адам баласына айтып берді. Ғылыми ашылулар болмыста бар солай жаратылған Алланың өте үлкен дәлдікпен үйлесіммен жаратқан өзара әрекетін көре білуі болып табылады. Еркін ойлылық шығармашылыққа бастаса құп, еркін ойлылық құдайсыздыққа бастаса жамандық шақырады, - деп қонақ ауаға қолын жартылай көтеріп сұқ саусағымен нүктесін қойды.

Жұрт риза болды. Құдай деген ел ғой құдайды дәріптесең жаға бересің. Құдайға жалбарынып дұға жасап Алланың нығыметін сезіп біліп отырған елді құдайына қараған, қоңырқай тірлікті берекелі ел деп қазақ осыны айтады.

Өз логикасының қуатының әлсіздігін іштей сезінген студент жауапқа қанағаттанса да қанағаттанбағандық кейіпте тағы бір сауалым бар еді деді. Сенікі дұрыс емес  менікі дұрыс деп бірін бірі мойындамай соңы төбелеске ұласатындай есірік жастар болмаса да намыс бар емес пе?

- Қойыңыз, қойыңыз шама келсе шешімін айтармыз, шама келмесе ағайын өкпелемес, - деді әңгімешіл қонақ. Александр Македонскийдің рөлін сомдаған жігіттің иығына түскен бұйра  сары шашы бар еді ғой  студенттің де дәл сондай шашы бар. Бұйра шашын бір сипап алды да студент қоқилана отырып сауалын қойды. Студентттің қоқиланатын жөні бар екен. Шетелдік жазушылар мен ойшылдарды шұбырта жөнелгенде саны шағын комплектілі мектептің оқушыларынан көп болмаса аз емес. Жада неткен мықты. Мен ол есімдер аталып жатқанда алдыңғыларын ұмытып қалдым. Қонақ та он пайыздық кәдеге асарлығы бар  орыстың С 200  ескі зымыран жойғыш кешеніндей,  оннан бірін жадына сақтай алды-ау деймін. Студенттің сауалы шамамша төмендегіше болды, долбарлап айтайын.Студенттің шұбыртпалы ойына қарап емес,  пәтуа айтатын қонақтың жауабында да аты аталған ойшыл ма жазушы ма әлде әкімдердің үстінен Жаратқанға арызданушы ма, ол арасын мен ажырата алмаймын, тек естігенімді онда да парасаты төмендеу кейбір көршілердің айқай-жанжалына  басу айта алатын деңгейдегі түсінікпен жазып отырмын. Студент бүй деді.

- Өмірге көзқарас тақырыбына адамзат әлмисақтан әуестенген. Л.Толстойды айтпағанның өзінде Бернарден Десан Пиер «Сураттағы кофеханасы» әңгімесінде білігі төмен жандар намысқа тырысып өзін жалған биіктен көрсетуге тырысатынын баяндаған. Сол баяндаудағы оқиға  қазір «жиеннің үйінде» болып қайталанып отыр. Уақыты мен мерзімі, координаты басқа  кейіпкерлерді онда да ойдан құрастырған шығар егер жазу керек болса сол әңгімеден де әсерлі әңгіме жазуға болады мына отырыстан. Бұның бәрі намыстанып саяз білімімізді сарапқа салып отырмыз. Былай қарағанда білімдіге ұқсаймыз бірақ ішіміз кеуек дауылпазға ұқсайды. Ал  Габриэл Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық» әңгімесінде көкке ұшып кеткен пәк кейіпкер немесе көктен жауған сары жапырақтар әруақтар мен тілдесу бұл реализмді адами модельдеу арқылы сіз бен біздің түсініп болмас құбылыстарды түсіндіруге тырысады. Осы жазушылар сияқты жазуды білетін адамдардың ақиқаты әртүрлі болады. С.Есенин неге асылып өлген? С.Есениннің өзіндік ақиқаты болды. Д.Лондон өзін өзі өлтірген кейіпкер жасады да өзі кейіпкеріне айналып өзі жазғандай өмірден озды. Әр жазушының ақиқаты әртүрлі болады-ау деймін. Рюноске Акутагава «Тозақ азабы» әңгімесіндегі жанкешті суреттер өнерді дамытады. Бұл - еркін ойлылық. Тәуба, шүкір деп жүре берсең жүре бересің тамақ та таба алмайсың. Станиславский «Қиындықтан жеңілдік туады, жеңілдіктен сұлулық туады» дейді. Еркін ойлылықтың мехнатын тартпай өнер де ғылым да дамымайды деп толғады-ау деймін.

Мұғалім ашуланғанда жүзі күреңітіп, құлағы қызарып кетеді екен. Мұз тоңдырарлық ашуы бар мұғалім сабырлы қалпын жоғалтып алмайын деді ме? Күбірленіп бізге таныс емес бір дұға оқыды да саққа жүгініп отырды: Мен шама шарқымша жауап беремін, жауап бере алмасам ағайын өкпелемесін деді. Ағайын дегенде кімдер бар деп саусақ бүктім. Бұзып-жарып сөйлейтін болмай қалған мұғалім Сәулебай, төрде отырған осы үйдің бөлесі, алқын-жұлқын жүретін қоқыстардан темір жинайтын Барақ, сөз ырғасып отырған студент және мен. Кенжебай көршілерін теріп шақырған ба? Кімді шақырады ол өз еркі. Әңгімені үзе бермей келген жерімнен жалғайын.

- Бұл жерде әңгіме табиғатқа соның ішінде қоғамның табиғатына байланысты болады деп ауаға үтірін қойып алып айналасына бажайлап қарап алған мұғалім студентті одан әрмен құтыртып шамдандыруға ыңғайланды. Негізі бұл парасат пайым сұхбаты еді. Мейлінше сыры сорғалаған күйінде жеткізудің оқырманға берері мол. Еуропаның әдебиеті болсын, Жапон әдебиеті болсын тіпті пұтқа табынушылардың жасаған әдебиеті болсын сол елдің сенім-наным деңгейіне байланысты. Сенің айтып отырған Жапон жазушысы Акутагава  «Мұғалім Мори» әңгімесін оқыған адам мына жазушының құдайдан үміті жоқ өз ісіне сенген жазушы екенін байқайды. Қиналған жерде Алладан дұға жасап сұралса Жаратқан жарылқайды. Мен өзім куә болған Жаратқанның жарылқауын айтып бере аламын. Және Алланың атымен болған оқиғалардың шындығына ант етемін осы көргендерімнің бәрі рас. Осыдан отыз жыл бұрын болған оқиға еді. Мен студенттің төменгі курсында оқып жүрген шағымда  шайтанның уәсуәсіне еріп  азды күн арақ ішетін, наша тартатын ақша тігіп құмар ойнайтын ортамен связ болдым. Шынын айтқанда азғындап, бұзыла бастадым. Ақшалы картта қалтадамдағының бәрін ұттырдым. Жігіттерге кіріптар болып жалынып жалбарынып қарыз алып ол ақшаны да ұттырдым. Қолыма тиын-тебен түссе өз ортама асығып тұратын едім. Әкей қатты кісі еді. Содан қорқатынмын. Жұрттан алған қарызымды  қайтара алмай жүрген шағымда базарда кездескен ақсақалды қарияға мен: - ата , Аллаға дұға жасап берсеңіз деп өтіндім. Берген тиын-тебенімді азырқанбай дұға жасады. Не тілейтінімді сұрады. Мен Алладан қарыздан құтқаруды айтып жалбарынуын сұрадым. Ақсақал, мені қарыздан құтқар деп Аллаға мінажат етті. Содан көп өтпей түс көрдім. Түсімде, ақсақал қарияның: тұр, базарға бар, базарға бар деген дауысынан оянып кеттім. Жүрегім қуаныш хабарын айтып тұр екен. Асығыс жиналып базарға тарттым. Базарға да жақындап қалдым. Саған өтірік Алланы куәлікке тартып отырған маған шын аспаннан ақша жауып жатыр. Жұрт көрмейді мен көріп аяқ астындағы ақшаларды жиып алдым. Кіл советтік көкпеңбек үш сомдық. Сол үш сомдықтың 120 данасын жинап алған екенмін. Қарыз-қауғамнан құтылдым. Сол, сол екен құмар ойыннан сап тыйылдым. Соңынан екі рет степендиямды ұрлатып алдым. Есепсіз дұние жоқ. Мұғалім Мори Аллаға мінәжат етіп дұға жасағанда қиындықтарынан құтылады ғой. Егер маған Алла тағала талант берген болып Мұғалім Мори әңгімесін  мен жазатын  болсам, ізгілік сүрлеуімен сондай өмірге кіріптар боларлықтай бойында қандай жамандығы бар соны тізіп берер едім де сол кіріптарлықтан қалай шығуға болатынын көрсетер едім. Әдебиет кеңістіктегі ізгілік теңдеуін қалай шешуге болатынын, ізгілік теңдеуінің түбірлерін табудың жолдарын үйретпесе оның несі әдебиет. Жазушылар проблема қояды, ал оны шешудің жолдарын көрсетпейді. Сол проблемаға тап болған  оқырман кейіпкер кейпіне енеді де автордың қате шешімін қайталайды. Осы жерде Сократтың даналығын  айту орынды. Сократ: «философ болғың келсе қатын ал», - дейді. Өміріңді өзгерт дегенді данышпан меңзегені ғой. Ұлы Абай: тамағына тартпайтын мақлұқ болмайды дейді. Солтүстік жарты шар тұрғындары шошқаның етін жейді. Шошқада қызғаныш болмайды. Еркегі ұрғашысын қызғанбайды. Төрт түлікке әсіресе жылқыға тән тазалық дағды шошқада жоқ. Сондай жануардың етін тағам ретінде тұтынатын ортаның да тамағына тартаныны рас болса, ұрда-жық пен тізе батыру ол қоғамда болмай қоймайтыны сөзсіз. Шошқа жейтін елдің ізгілік туралы пайымдары халал  тағамдарды тұтынатын ортаның өмір сүру этикасы қабыса бермейді. Шүйгінге жайылған сиыр да сүт береді, қала ішіндегі қоқысқа жайылған сиыр да сүт береді. Құрамында өзгеріс шамалы болуы мүмкін бірақ түптің түбінде сол шамалы өзгеріс адам ағзасына көп әсер ететінін ғылым дәлелдеп отырған жоқпа?

- Әп, бәрекелде, - деді Сәулебай.

- Ақсақал-еркек, еркек, - деді Барақ.

Сұқ саусағымен ауаға нүктені қоя отырып қонақ айналасын бір шолып алды. Студентке сөз жұқпай жәй ғана тыңдап отыр және қонақты шалайын деп бірдемелерді ойша құрастырып отырған жәйі бар-ау деймін. Сәулебайды жолы болмаған дарақы, Барақты ұры деп білетін студент көлденең көк атты қонақты пысқырсын ба?

- Екінші мәселеге келейік деді қонақ. Ол екінші мәселе жаны қастық мәселесі. Алла жанды адамға аманаттаған. Аманатқа қылдай қиянат жасауға болмайды. Жаны қас, өзін-өзі бауыздап не жарып өлтіргендерге хадис бар. «Егер кім жанына қастық қылатын болса жаназасы оқылмасын - деген.» Жаназа шыққан күндеде ауыл имам оқымайды және жаназаға ауыл ақсақалдары қатыстырылмайды. Жаны қастық ізгілік амалдары болмайды. Ютубтан  кейде  мойнына жіп салып тұрған кезде Аязбидің Меңдісіндей  біреулер келіп мұғжизалы көріністе тұзақты біреулер қиып кетті деген кісілердің оқиғасын айтады. Алла оңынан келтірген екен. Осы күнгі жастарда жаман әдет бар теледидарға түсетін болса терезені қапқара пердемен тұмшалап, қапқара түнекте отырып алып қараңғы әңгімелерді айтады. Дұрыс айтсын бұрыс айтсын әңгімені жарықта отырып айту керек. Есенинді орыстар кісі қолынан өлді деп кино шығарған. Есенин жас кетті ғой. Жүрегі халқы деп соққан жанның, отаны үшін жан пида еткен батырдың жанында Алла тұрады. Акутагаваның «Тозақ азабына» келелік. Мен оны оқығаным жоқ киносын қарадым. Дұрыс қадам жасалмаған. Самурайлық қадам жасалған болар. Ал, не болды тозақ азабының суретін саламын деген суретшінің тағдыры. Тозақ отында шыжғырылған әкімдерді бейнелеген жері дұрыс. Жазықсыз қызды отқа өртеп жібергені дұрыс емес. Мен Акутагава болсам... деп ауада сұқ саусағымен үтірін қойып солығын баспаққа ыңғайланғанда: - Ақсақал, е  де о-й-д-д-о-й-т деген  деді, - Барақ,  - Е деген құстың ұясы деді дарақыланған Сәулебай.

Құлды қошамет өлтіреді деген. Қонақ елірейін деді. Үстірт жағында бір жырау өткен, ажарлы әйелдер термесін тыңдаса құтырып құйқылжып айтады екен. Шаршамайды екен. Сенікі дұрыс десе өзі жиенінің үйі болса қонақ арқаланбай кім арқалансын. Жалпы жібі түзу әңгіме ғой. Акутагава кім простой мұғалім кім. Нобель сыйлығын берген кәмиссия ақылсыз емес шығар. Хош, сонымен езе берсең әңгіменің дәмі кетеді. Ет те келіп қалған шығар. Әңгімемді яқтап тастайын. Ауада жартылай көтерілген қолын  қалпына келтіріп жұртты аузына қаратып алған қонақ. Мен Акутагава болғанымда өртенейін деп жатырған қызын әлде қайдан жебеуші күш келіп құтқарып алған етер едім. Ютубтағы Есенинмен ауырған жазушы жігітті жебеуші күш құтқарып қалған ғой, ол жігіт құдайға сенеді не ата-бабалары қасиетті кісі болған. Мастер Маргаританы кім жазсада ауылды қоқыс басса жын-жыпыр ауылға жақындайды дегені дұрыс. Біссіміллә деп жүрсе адамға бәле жоламайды. Жалпы жапондар да самурайлар өздерін өздері өлтіру салты болған. Қожаларына адал берілгендігінің дәлелі қожалары бұйырса өмірін қиған. Бізің ұстанымымыз бұны терістейді. Ізгілік теңдеуінің шешімі мұсылмандықта жатыр. Өнерде ғылымда бізден оздық деп жүргендер қателеседі. Сүлеймен пайғамбар заманындағы өркениет бесінші  не алтыншы не оныншы технологиялық революция борлар.

- Кеңістіктің ізгілік теңдеуі дегеніңіз қонымды, - деді студент.

- Кеңістіктің ізгілік теңдеуінің параметрлерін табу жолында шығыс философиясын оқу және тоқу сол көңілге қонымды болмақ деді оқымысты қонақ. Бірақ Станиславский сияқты қоғамды алға ілгерілететін қанатты сөздер тудырған әлемдік деңгейдегі жазушылардың ой қаймағын сыпырып алып ішу екінің бірінің қолынан келмейді. Менің айтпағым шетелді мақтай бермей озық жерлерін ғана үлгі ретінде алуымыз керек. Өнеркәсіпте алда кеткен елдің әдебиетін қомсынып отырғаным жоқ, біздің өмір сүру әдебімізге кереғар тұсын арам ас деп білемін деді қонақ. Осы кезде Аллаһу акбар деп қонақтың ұялы телефоны азан шақырды.

Құптан мезгілі болып қалған шығар, намазымды оқып алайын, - деп қонақ түрегелді. Қонақпен бірге, манадан бергі айтылып жатырған Сократ, Акутагава, Есенин, «Жүз жылдық жалғыздық»ты жазған Габриэл Гарсиялардың рухы өз орнына көтеріліп кеткен болар. Дастархан маңы жеңілдеп қалды.

- Сен бала! Ізгілік теңдеуін шеш, - деді математика факультетінен жарлылығынан шығып қалған Сәулебай.

Шешілмесе маған айт деді Барақ.

- Ой, адам деген оттай береді-ау, ол сен сілтеп жүрген 30 килолық сом балғадан миллион есе ауыр, - деп құрдастығына бұрып қағытып қалды Кенжебай.

- Иә, ол ауыр мәселе, - деді студент...

Қабыл Әбдірахманұлы