02 шіл, 2021 сағат 14:44

"Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесемін": Путин Назарбаевқа уәде берді



Ресей Президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Қазақстан халқына Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесуге уәде етті. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


"Елбасының Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында талқыланған мәселенің бірі Қазақ халқы үшін киелі саналатын Кенесары ханның сүйегін іздестіру және оны Қазақстанға қайтару тақырыбы болды. Келіссөздер барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей Президентінен осы процеске көмек көрсетуін сұрады", - дейді Үкібай.


Назарбаев қазақ халқы үшін соңғы ханның сүйегін тауып, оның туған жерінде жерленіп, рухының тыныш табуы өте маңызды екенін жеткізген. 


"Владимир Владимирович Путин Тұңғыш Президентті Ресей тарапының бұл мәселеде жан-жақты көмек көрсететініне сендірді. Путиннің сөзіне қарағанда, артефакт табылады және Қазақстан халқына қайтарылады", - деп атап өтті Елбасының баспасөз хатшысы.


Айта кетейік, бұған дейін Кенесары ханның сүйегін қайтару мәселесі талай рет көтерілді. Ғалымдар да, мәжіліс депутаттары да айтып, үкімет деңгейіне дейін жеткізген. Алайда соңғы ханның сүйегі әлі табылған жоқ. Тарихшылардың айтуынша, Кенесары ханның бас сүйегі Санкт-Петербургте өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін Эрмитажда тұрған. Оны ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да көрген. Ал одан кейін қайда кеткені белгісіз. Ғалымдар біраз музейді аралап шыққан. Бірақ ханның сүйегін таппады.


2022 жылы қазақтың аңызға айналған билеушілерінің бірі Кенесары Қасымұлының (1802-1847) туғанына 220 жыл толады. Тарихи деректерде Кенесарыны 1847 жылы қырғыз жеріндегі  Кекілік-Сеңгір аңғарында ұстап, Жамбы ауылында өлтіргені, денесін сонда қалдырып, бас сүйегін Омбыдағы Батыс-Сібір аймағының генерал-губернаторы, князь Петр Горчаковқа апарып бергені айтылады.