Өткен жылы «Қазпошта» АҚ-ның кірістері 11 пайызға артты. Бұл туралы Астанада баспасөз мәслихатында басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей 2018 жылы Қазпошта 25-жылдығын атап өтті. Жыл қорытындыларымыз да жаман емес. Мысалы, 2017 жылмен салыстырғанда, кірістеріміз 11 пайызға өсті. Ақшалай түрде бұл көрсеткіш 54,5 млрд теңгені құрады, ал шығыстар 54,2 млрд теңгеге жетті. Осылайша, таза кіріс 272 млн теңге құрады», - деді «Қазпошта» басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр клиенттерге 18,6 млн сәлемдеме жеткізілген, олардың 4,7 млн ішкі нарыққа тиесілі.
«2018 жылы біз клиенттерге жақын болу үшін серіктестік желісін іске қостық. Бүгінде «Қазпоштамен» 160 франчайзи кәсіпкерлер ынтымақтастық орнатып, 200 сауда нүктелерін ашты. Олар арқылы 2 млрд 600 млн теңге сомасында 493 мың транзакция жүргізілді», - деп нақтылады С. Сәрсенов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қазақстан аумағындағы электрондық коммерцияның жағдайына қатысты түсінік берді.
Белгілі болғандай, елімізде интернет арқылы сатып алушылар 2,3 миллионнан асқан.